Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Астанада үш айлық сәбидің бас сүйегіне күрделі операция небәрі бір сағатта жасалды. Бұған дейін мұндай операцияға екі-үш сағат кететін. Дәрігерлер бұл жолы аз жарақат түсіретін эндоскопиялық әдісті қолданды. Операция Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында алғаш рет жасалды.
Астаналық Айғаным Әділханова үш айлық сәбиінің бас пішініне алаңдап, дәрігерлерге жүгінген. Алғашында жекеменшік клиника мамандары мұны баланың жеке ерекшелігі деп түсіндіріпті. Алайда басқа дәрігерге қаралып, компьютерлік томографиядан өткен соң, сәбиге «сагитталды краниосиностоз» деген диагноз қойылған. Яғни сүйек тігістерінің ерте өсуіне байланысты пайда болатын бас сүйектегі деформация. Соның салдарынан баланың бас пішіні өзгерген. Дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, үш айлық нәрестеге эндоскопиялық әдіспен операция жасады. Мұндай әдіс №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында алғаш рет қолданылды.
АЙҒАНЫМ ӘДІЛХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Дәрігер бәрін бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Операцияның қалай өтетінін, қалыпқа келудің қанша уақын алатынын айтты. Сол үшін ата-анамызбен ақылдасып, операция жасатамыз деп шештік. Баламның түрін көргеннен кейін, жүрегім қатты ауырды, бірақ қазір бәрі жақсы. Жақсы ем алып жатыр.
Кішкентай науқасқа жасалған эндоскопиялық операция бір сағатқа созылды. Бұл әдістің ерекшелігі де сол нейрохирургтер бас сүйекке үлкен тілік жасамай, арнайы камера мен құралдардың көмегімен жұмыс істейді. Бұл баланың жарақатын азайтып, операциядан кейін тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін мұндай диагноз қойылған балалардың ата-анасы ота жасату үшін шетел асуға мәжбүр болатын. Тіпті ем-домның ақысын төлеу үшін баспанасын сатып, несие алатындар да бар. Қуантатыны, енді мұндай күрделі оталарды Қазақстанда да тегін жасатуға болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.