Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, ауа райы күрт бұзылады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
Елордада күн күрт суытып, күздің ызғары сезіле бастады. Бұрынғыдай жеңіл киіммен жүру мүмкін емес. Сондықтан қалың киініп, қолшатырымызды да алып шықтық. Еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылып, солтүстік пен шығыста ауа температурасы нөл градусқа дейін төмендеген. Алдағы күндері кей өңірлерде жаңбырдың соңы қарға ұласып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар жолдарда жүрген жүргізушілерге ескерту жасады. Ақмола, Абай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде қалың қар түсуі ықтимал.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. 20 қазанда күндіз Павлодар облысында, 21-22 қазанда елдің шығысында қатты жауын-шашын, жаңбыр мен қар түрінде болжанады. Тек оңтүстікте жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Елдің солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде 1-3 градусқа дейін үсік жүреді. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Иә, алдағы күндері күн райы әлі де құбылмалы болады. Әсіресе еліміздің солтүстік пен шығыс өңірлерінде қар мен көктайғақ жолдағы жағдайды күрделендіруі мүмкін. Сондықтан мамандар жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауға кеңес береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал