Ақтөбедегі жатақхана екі айда 7 рет өртенген

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

2 айда 7 рет өртенді. Бұл жағдай Ақтөбедегі жатақхананың бірінде болған. Тілсіз жау адам қолынан келгеніне сенімді тұрғындар түнде ұйқыдан қалған. Бала-шағасымен бірге өртеніп кетеміз бе деп үрейленген олар кінәлі адам табылып, жазасын алсын деп отыр. Өрттің жиі шығуына не себеп болуы мүмкін?
Теміржол вокзалы маңындағы үш қабатты жатақхананың тұрғындары тыныштығынан айырылғалы қашан?! Екінші ай қатарынан ғимаратта күнара өрт. Осымен мұнда от жеті рет тұтанған. Ал соңғы бір аптаның ішінде үш рет қайталанған. Өткен демалыс күндері болған соңғы өрт электр сымдарын жарамсыз еткен. Соның салдарынан тұрғындар үшінші тәулік бойы тас қараңғыда отыр. Азық-түліктің бәрі бұзылған. Тұрғындардың бір бөлігі туыстарының үйіне көшіп кеткен. Ал барар жері жоқ адамдар осында қалуға мәжбүр. Дегенмен олар да ұйықтауға қорқатынын айтады. Өрт шықса, түтінге тұншығып қаламыз ба деп алаңдайды.

НАЗИПА САҒЫМБАЕВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
— Соңғы рет тағы да өрт қойды. Енді мұнда тұруға қорқамыз. Бізге көмектесіңіздерші! Бізге ешкім назар аудармайды. Біз мұнда адам емес, жануар сияқты өмір сүріп жатырмыз. Мұнда балалар бар, зейнеткерлер бар. Үшінші қабаттан мені әзер алып шықты. Тұншығып қала жаздадым.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қасақана қойылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алдын ала мәлімет бойынша, соңғы үш жағдай электр сымдарының қысқа тұйықталуынан емес, ашық отты пайдаланудан шыққан. Қайталанған өрттерге қатысты ақпарат полицияға жолданған.

ТАТЬЯНА АФИНОГЕНОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір апта өтеді, тағы да өрт шығады. Тағы бір апта өтеді, қайтадан тұтанады. Мұның кімге керек екенін түсінбеймін. Біреулер қасақана зиян келтіріп жүрген сияқты. Бұрын мұндай жағдай ешқашан болған емес. Әрине, бұл – өрт қою, біреу бұзақылық жасап жүр. Бір күдіктіні ұстаған еді. Ол дүкенге келіп: «Бүгін сендерді өртеймін», – деп айтқан. Сосын шынымен өрт болды. Оны полиция алып кетті, бірақ неге екенін білмеймін, кейін босатып жіберді.

Өткен жылы апатты деп танылған 36 бөлмелі жатақханада негізінен зейнеткерлер, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тұрады. Қала әкімдігінің тұрғын үй қоры да өрттердің қасақана қойылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Шенеуніктердің айтуынша, жатақханада электр жарығы алдағы бірнеше күнде ғана қалпына келтірілуі тиіс. Яғни тұрғындарға бірнеше күн қараңғылықта отыруға тура келеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал