Пәтер үшін адам ұрлаған: Алматыда риелтордың қылмысы әшкереленді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жалғызбасты қарттарға төнген қауіп. Алматыда пәтер үшін адам ұрлаған риелторсымақтың әрекеті әшкереленді. Қарапайым азаматтың баспанасын тартып алуды кәсіп қылған қылмыстық топтың айла-амалы қалай жүзеге асады? Алаяқтан қалай қорғануға болады? Заңгер қандай кеңес береді?
Баспана алаяқтары – әдетте ірі қала мен экономикалық белсенді өңірлерге таныс мәселе. Мұндай қылмыстық топтың басты нысанасы – жалғыз тұратын қарт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Өйткені олардың жағдайын бақылап, қорғайтын жақыны болмауы мүмкін. Алматылық Майза Рахматуллина ұзақ жыл бойы түрлі адамға көмектесіп, зейнеткерлер мен ардагерлермен тығыз араласқан. Оның айтуынша, баспанасынан айырылып қалғандар аз емес. Өзі де жалғыз тұрады. Сондықтан соңғы кездері бейтаныс жастардың күмәнді сауал қойып, жеке өміріне қызығушылық танытуынан қауіптенеді.

МАЙЗА РАХМАТУЛЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жастар: «Сіздің туыстарыңыз бар ма?» — деп өте жиі сұрайды. Өйткені қарт адам туралы ақпаратты бақылап отырады деп жатады. «Әлеуметтік қорғау басқармасында тізімдер бар, кімнің жасы үлкейгенін біледі», — дейді. Қазір жағдай осындай болып тұр. Тіпті қорқатын болдық.

Алматыдағы зейнеткерлердің алаңдауына себеп те жоқ емес. Қалада осыған дейін баспанаға қол жеткізу үшін адам өлтіруге дейін барған қылмыстық іс болған.
Мәселен, 2006-2012 жылдар аралығында тоғыз адамды өлтірген қылмыстық топтың ұйымдастырушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал былтыр аяқталған тағы бір істе сот алдына тұтас қылмыстық топтың 22 мүшесі келді. Олар үш жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Тергеу барысында 30-ға жуық пәтер анықталған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Жалпы, баспана алаяқтары мәселесі Алматыға аса тән құбылыс емес. Дегенмен 2010-2015 жылдардың басында дәл осы риэлторлықпен айналысып, кісі өлтірген бірнеше қылмыстық топ болған. Бұл – көп эпизодты қылмыстық іс. Күдікті қазір жазасын өтеп жатыр.

Биыл сәуір айында Алматыда баспанаға қатысты тағы бір қылмыстың беті ашылды. 81 жастағы зейнеткердің жоғалып кеткенін танысы полицияға хабарлаған. Кейін қария Алматы облысынан табылды. Тергеу мәліметінше, үш белгісіз адам зейнеткерді ұрлап, ұрып-соғып, жылжымайтын мүлкін өздеріне беруге мәжбүрлемек болған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал бұдан бір апта бұрын ғана Алматыдағы үйлердің бірінде 61 жастағы ер адамның ұрланғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция күдіктілерді ізін суытпай ұстады. Өкінішке қарай, ер адам қаза тапты. Тергеу барысында оның пәтерін рәсімдеу мен сатып алуға қатысы бар деген азаматтар да ұсталған. Ендеше, қарт адамды қандай да бір құжатқа қол қоюға мәжбүрлеп жатқанын қалай анықтауға болады? Оның атынан біреудің әрекет етіп жүргенін қалай білеміз?

СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР:
— Адамның өз еркімен шешім қабылдап отырғанына көз жеткізу үшін онымен міндетті түрде жеке сөйлесу керек. Мысалы, қарт адам нотариусқа бір жас жігітпен келеді делік. Әлгі адам: «Пәтерін сатқалы отыр, тез рәсімдейік», — деп асықтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда нотариус бірінші кезекте: «Жігіт, сіз кабинеттен шыға тұрыңыз. Біз бұл кісімен жеке сөйлесеміз», — деуі керек. Қарт адаммен асықпай, мұқият сөйлесіп, оның қысымға, қорқытуға немесе басқа да ықпалға ұшырамағанын анықтау қажет. Күмән болса рәсімдеуден бас тартуға тиіс.

Заңгерлердің айтуынша, пәтер иесінің атынан әрекет ететін өкіл үй иесімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік бермесе, мұны дабыл белгісі деп қабылдау керек. Баспана нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынылса да, мәмілені мұқият тексерген жөн. Ал қарт кісінің мұндай қауіптен қорғаудың ең қарапайым жолы – оларды назардан тыс қалдырмау. Жиі хабарласып, жағдайын сұрап, кімдермен араласатынын біліп отырған маңызды. Кейде қарапайым қамқорлық үлкен қасіреттің алдын алуы мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал