Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қазақстанда 530 мыңнан астам адам бәс тігуге өз еркімен тыйым салған. Бірақ қазір соның 269 мыңының ғана шектеуі күшінде. Құмар ойынға жолды бұғаттау тәуелділіктен құтқара ала ма? Миллиондаған теңге қарызға батып, тіпті аурухана төсегіне таңылған жандардың оқиғасы не дейді?
Қазақстанда 260 мыңнан астам адамның заңды букмекерлік кеңселерде аккаунты бар. Тимур Сагитов та бір кездері бәс тіккен. Құмар ойынға ол 12 жасында, мектепте оқып жүргенде әуестене бастаған. Әуелде ермек көргенімен, уақыт өте келе құмар ойын жас жігітті «жұта» жаздаған. Жақындарымен арасы бұзылып, мойнына миллиондаған теңгенің қарызы ілінген.
ТИМУР САГИТОВ, БҰРЫНҒЫ ЛУДОМАН:
— Өте көп ақша кетті. 100 миллионнан да, 200 миллионнан да көп. Бірнеше рет көлігімді кепілге қойдым, саттым да. Үлкен шығынға баттым. Ең сорақысы, адам өзін тұлға ретінде жоғалтады. Лудомания – тек өзіңе ғана емес, айналаңдағы адамдардың бәріне әсер ететін ауру.
Тимурдың құмар ойыннан қол үзгеніне сегіз ай болған. Қазір ремиссия кезеңінде. Психолог мамандығын меңгеріп, оңалту орталығында өзі секілді тәуелділіктен арылғысы келетіндерге көмектесіп жүр.
Ерік Жанділдә да осы жолдан өткен. Құмар ойынның кесірінен күйзеліске түсіп, денсаулығы сыр берген. Тіпті ауруханаға да түскен. Содан кейін ол бәс тігудің зардабы туралы ашық айту үшін блог жүргізе бастаған. Оның сөзінше, мемлекет енгізген шектеулер кейбір ойыншыларға құмар ойыннан бас тартуға көмектесті.
ЕРІК ЖАНДІЛДӘ, БҰРЫНҒЫ ЛУДОМАН, БЛОГЕР:
— Ойынның кесірінен оң көзім көрмей қалды. Дәрігерлер мұны жүйкең сыр бергеннен деді. Қазір Қазақстанда осындай тыйым енгізілді. Басқа елдерде де бұл шектеу жақсы жұмыс істеп жатыр. Ойыншылардың өздері: «Осы тыйымның арқасында құмар ойыннан бас тарттым», «Енді ойнай алмаймын, осы мені тоқтатты», — деп жазып жатыр.
Құмар ойындар мониторингі және талдау орталығының мәліметінше, 530 мыңнан астам қазақстандық eGov порталы арқылы «Стоп.Азарт» қызметін пайдаланған. Бұл қызмет букмекерлік кеңселер мен заңды құмар ойындарға қолжетімділікті алты айдан он жылға дейін өз еркімен шектеуге мүмкіндік береді. Дегенмен мамандар мұны тәуелділіктен құтқаратын жалғыз шешім деуге болмайтынын айтады.
РҮСТЕМ НҰРМҰХАМБЕТОВ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекеттің ойынға тәуелді адамның бәс тігуіне шектеу қойып, осындай мүмкіндік бергені жақсы. Бірақ тәуелді адамның бәрі айла табуға бейім. Ол қалай да болса, екінші не үшінші адам арқылы бәс тігуге мүмкіндік іздеуі мүмкін.
Сондықтан мемлекет құмар ойын нарығын бірнеше деңгейде бақылауға көшкен. Жауапты орталықтың бас директорының айтуынша, заңды букмекерлік кеңселердегі ойыншыларды тексеру жүйесі өзгеріп жатыр. Ойын ойнауға құқығы жоқ адамды нарықтан шеттету арқылы азаматтардың қарызға белшеден батуына тосқауыл қойылмақ.
НҰРМЕТ БАЗЫЛ, ҚҰМАР ОЙЫН МОНИТОРИНГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір букмекерлердің клиенттерді қабылдау жұмысын жеңілдетіп жатырмыз. Бұрын олар әр адамның ойын ойнауға құқығы бар-жоғын өздері тексеретін. Енді біз оларға бәс тігуге мүмкіндігі де, ниеті де бар клиенттерді дайын күйінде ұсынамыз. Яғни бұл саланы ойын ойнауға құқығы жоқ немесе ойнамауы тиіс адамдардан тазарттық деуге болады.
Биыл көктемнен бастап елде Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылды. Ол адам бәс тіккенге дейін секундтың үлесінде мемлекеттік дерекқорды тексеріп, оның ойын ойнауға құқығы бар-жоғын анықтайды. Орталық басшысының айтуынша, заңды букмекерлік кеңселерде бұғатталған кейбір азамат заңсыз сайттарға кіруге немесе өзгенің атына аккаунт ашуға тырысады. Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою үшін мемлекеттік органдар заңсыз ресурсты бұғаттап, клиенттерді биометриялық сәйкестендіруді енгізіп жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.