Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Елдегі жолаушылар пойызында жоғары жылдамдықты Starlink интернеті іске қосылды. Тіпті жол жүріп бара жатып, тағамға тапсырыс та беретін күн жақын. Қазақстандықтарды қандай жаңа цифрлық өзгеріс күтіп тұр?
Заманауи технология теміржол сапарын өзгертіп жатыр. Елдегі жолаушылар пойыздарында «Starlink» желісі негізінде борттық Wi-Fi іске қосылды. Интернет жылдамдығы секундына 100 мегабитке жетті әрі кез келген жерде қолжетімді. Жолаушыларға екі тариф ұсынылады. Интернет құны билет құнына қосылмайды. Бұл жүйемен «Сапар» жолсерік-робот таныстырды.
АНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Пилоттық режимде 1,5 жыл 2 жылдай тексеріп көрдік. Сапалы қызмет тегін бола алмайды. Мәтіндік хабарландырулар тегін болады. WhatsApp, Telegram сервисінде хат жазу тегін, тек видео жіберу, видео қоңыраулар, фильм көру ақылы болады.
Әзірге пойыздағы интернет тек елдегі бағыт бойынша істейді. Пойыз жетекшілері жолда жүріп келе жатып тікелей эфирге шығып, интернет жұмысын көрсетті.
ИГОРЬ ПОГРЕБИЦКИЙ, «ТРАНСТЕЛЕКОМ» АҚ ӨКІЛІ:
— Бүгінгі таныстырылымда көргеніңіздей, 8 пойыз бізбен тікелей байланысқа шықты. Әрине, жол үстінде аздаған ақаулар болды, бірақ бұл – қалыпты жағдай. Өйткені пойыз сағатына 100 шақырымнан астам жылдамдықпен қозғалады.
Интернеттен бөлек, КТЖ өзге де цифрлық шешім енгізбек. Мәселен, билет сатып алуға, бағытты тексеруге және сапар кезінде ақпарат алуға арналған «SuperApp» мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ қауіпсіздікті арттыру үшін бейнебақылау жүйесі орнатылуда. Ереже бұзылса, зат жоғалса бірден камерадан қарай қояды. Ал болашақта қосымша арқылы тағамға да тапсырыс беруге болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.