Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Елімізде 15 мыңнан аса меншік иесі әбден тозығы жеткен, апатты тұрғын үйлерде қалып қоюы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан «Әділет»партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Құрылтайда Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Ол осы бағыттағы мардымсыз жұмыстарды жеделдету қажеттігін айтты. Өңірлерде көпір мәселесі де сын көтермейді. Республика бойынша 142 көпір апатты жағдайда тұрғанын депутат Тұрарбек Тілемісов алға тартты. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
Елімізде тұрғын үй қоры 61 367 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, 3 447-сінің тозығы жеткен, шамамен 27 мыңға жуық отбасының баспанасы ескірген немесе қауіпті екенін білдіреді. 2025 жылы мәслихаттар мен әкімдіктерге реновациялау бағдарламаларын қабылдау құзыреті берілгенімен, өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстар сын көтермейді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты үйдің тек 3-уі ғана көшірілуі жоспарланған. Ал Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы қаласында бұл көрсеткіш небәрі 2-19% аралығында.
ӘМІРБЕК ОСПАНБЕКОВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ»ПФ МҮШЕСІ:
— Соңғы 3 жылда Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңірлерде 352 апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш жалпы республика тұрғын қорының тек 0,3%-ын ғана қамтып отыр. Сонымен қатар, уәкілетті орган ұсынған ақпаратқа жүргізілген талдау көрсеткендей, реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшілік бар екені анықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз.
Депутат осы мәселені шешу үшін Реновация жобаларының орындалуын бақылауға Үкімет жанынан арнайы Комиссия құру керегін, барлық өңір бойынша меншік иелерін көшіруге қатысты нақты мерзімдері көрсетілген Бірыңғай жол картасын жасау керектігін ұсынды. Ал көпірге келсек, еліміздегі 3 623 өткел бар. «Оның 1 488-і республикалық, 2135-і жергілікті маңызы бар жолда салынған. 142-сі апатты жағдайда тұр», — деген депутат та Үкіметке сауал жолдады.
ТҰРАРБЕК ТІЛЕМІСОВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ»ПФ МҮШЕСІ:
— Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолды түгел қамтитын 2027 – 2031 жылдарға арналған көпір шаруашылығын күтіп-ұстау мен қайта жаңартудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу және бекіту. Жергілікті желідегі көпірлерді бірыңғай әдістеме бойынша толық түгендеуден өткізіп, құжаттау. Апатты күйдегі 142 өткелдің әрқайсысы бойынша қабылданған қауіпсіздік шаралары, жобалау-сметалық құжаттаманың болуы және жұмыстардың басталу мерзімдері туралы нақты ақпарат беру.
Депутат әсіресе ауылдық жерлердегі көлік инфрақұрылымының тым нашарлап кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Өйткені Көлік министрлігі әзірлеп жатқан 2027 – 2031 жылдарға арналған бағдарлама тек республикалық маңызы бар жолдарды ғана қамтиды, ал елдегі көпір қорының 59%-ын құрайтын жергілікті 2 135 көпір мүлде ескерілмеген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.