Әскердегі тәртіп өзгереді: мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Әскердегі тәртіп өзгереді, ал сарбаздар енді екі кезеңмен қызмет етеді. Елімізде басталған әскери реформаның маңызы қандай? Қандай жаңашылдық бар?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қарулы күштерде реформа басталып кетті. Елде әскерге шақыру тәртібі өзгереді. Қауіпсіздік кеңесі әзірлеп, Мемлекет басшысы қолдаған жаңа жүйе бойынша, мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді. Сарбаздар алғашқы алты айын арнайы оқу орталықтарында өткізеді. Онда әскери дайындықтың теориясын меңгеріп, қызметтің қыр-сырын үйренеді. Ал келесі алты айда әскери бөлімдерде тәжірибелік машықтарын шыңдап, жауынгерлік дағдыларын жетілдіріп, темірдей тәртіпке үйренеді. Яғни, әскерге келген алғашқы күннен бастап емес, арнайы дайындықтан кейін әскери бөлімге жіберіледі.

Әскери реформа мұнымен шектелмейді. Қарулы күштердің құрылымы қайта қаралып, әскерді басқару жүйесі жаңармақ. Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру да жоспарда бар. Ал әскери бөлімдердегі тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігіне айрықша мән берілмек. Әлімжеттікпен күресіп, әскери қызметшілердің құқығын қорғайтын әскери консультанттар институтын құру және әскери қызметшілердің істері жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу ұсынылған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес».
Әскери реформа жоспары Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданды. Әскерді жаңа форматқа көшіруді ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін пысықталып болуға тиіс. Ал келесі жылдан бастап сарбаздар толық жаңарған әскерде борышын өтейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал