Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Шымкентте ірі халықаралық форум өтіп жатыр. Әлемнің 40 елінен келген инвестордың басын қосқан ауқымды IX Kazakhstan Global Investment Roundtable 2026 шарасы қазір қызған сәт. Құны 4 миллиард доллардан асатын 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылған.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Шымкентте Қазақстанның 9-шы жаһандық инвестициялар жөніндегі форумы өтіп жатыр. «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы бұл іс-шараға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам шетелдік инвестор қатысып отыр. Оның басым бөлігі – ірі компаниялардың бірінші басшылары.
Форум қатысушыларының айтуынша, Қазақстан – Орталық Азия мен Еуразия аумағындағы инвестициялық ахуалы жоғары елдердің бірі. Сондықтан шетелдік инвесторлардың қызығушылығы да артып отыр. Әсіресе, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жасанды интеллект және жалпы цифрландыру салаларына басымдық беріледі.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Былтыр еліміздің Жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрдтан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш $360 млрдқа жетеді. Қазақстан ұзақмерзімді инвестиция үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді. Үкімет стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға бағытталған пікірталас, өтініш пен ұсынысқа әрдайым ашық. Жетекші шетелдік компаниялардың жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанды таңдауы – біз үшін қуанарлық жағдай.
СҰЛТАНҒАЛИ КЕНЖЕҚҰЛОВ, «KAZAKH INVEST» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Шымкентте биыл бірінші рет өткізіп отырмыз. Жыл сайын KGIR форумы тек Астанада өтетін. Біз не үшін Шымкентті ұсынып отырмыз? Былтыр Шымкент 860 млрд теңге тікелей инвестиция тартты. Осы соманың 70 пайыздан астамы – жекеменшік қаржы. Екіншіден, былтыр Шымкенттің экономикасы 11 пайызға өсті, бұл – бүкіл Қазақстан бойынша екінші көрсеткіш, өте үлкен дәреже. Үшіншіден, осы үш жыл ішінде 50 ірі индустриалдық жоба іске қосылды. Жалпы сомасы – 170 млрд теңге. Осы 50 жоба 3500-дай тікелей жұмыс орны ашылған.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Форум қорытындысы бойынша, жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 20-дан астам инвестициялық құжатқа қол қойылды. Келісім цифрландыру, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым және жаңа энергия көздері бағытын қамтиды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.