Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қазақстан армиясын ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Әңгіме тек жаңа қару-жарақ пен технология туралы емес. Сарбаздарды даярлау, әскери қызметтегі қауіпсіздік және командирлердің жауапкершілігі де қайта қаралмақ. Қазақ әскері қалай өзгереді?
Әскери реформа туралы Ақордада Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылды. Жұмыс басталып та кеткен. Жыл соңына дейін комиссия Қорғаныс министрлігін тексеруді аяқтауы керек. Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін армияның жай-күйіне қатысты сұрақ көп. Бұл жағдай әскерилерді даярлауда кемшіліктер бар екенін көрсетті. Енді әскери басшылықтың алдында бүкіл жүйені өзгерту міндеті тұр. Президент: «Жаңа қатерлерге төтеп бере алатын заманауи, ұтқыр әрі технологиялық жағынан озық армия қалыптастыру керек», — деді. Мәселе тек әскердің жауынгерлік қабілетінде емес. Сарбаздың өмірі мен денсаулығы қаншалықты қорғалған? Қауіпсіздікке кім жауап береді? Реформа әскери мамандарды даярлау жүйесін ғана емес, командирлердің жауапкершілігі мен басқару мәдениетін де қамтуға тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес».
Жаңа жүйе бойынша, сарбаздар алғашқы алты айда арнайы орталықтарда оқып, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бөлімдерде жауынгерлік даярлыққа және әскери топ құрамында әрекет етуге басымдық берілмек. Яғни әскерге жаңадан шақырылғандар бірден әскери бөлімге жіберілмей, алдымен арнайы дайындықтан өтеді. Ал мерзімді қызметтің жалпы ұзақтығы өзгермейді. Бұрынғыдай бір жыл болып қалады.
— ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
Әскери реформа мұнымен шектелмейді. Қарулы күштердің құрылымы қайта қаралып, әскерді басқару жүйесі жаңармақ. Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру да жоспарда бар. Ал әскери бөлімдердегі тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігіне айрықша мән берілмек. Әлімжеттікпен күресіп, әскери қызметшілердің құқығын қорғайтын әскери консультанттар институтын құру және әскери қызметшілердің істері жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу ұсынылған.
Әскери сарапшылар да реформаның бағыттарына қатысты өз ұсыныстарын айтып отыр. Олар әскерге шақыру жасын ұлғайтып, балама әскери қызмет енгізу мәселесін көтереді. «Мұндай мүмкіндік әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлеріне де берілуі керек», — деп есептейді әскери сарапшы Дәулет Жұмабеков.
ДӘУЛЕТ ЖҰМАБЕКОВ, ӘСКЕРИ САРАПШЫ:
— АҚШ, Швеция, Швейцария, Англия және басқа да елде жаңа келген сарбаз арнайы бөлімде дайындықтан өткізіледі. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сосын әскери бөлімге бөлінеді. Қазір елдің қорғанысына бүкіл бюджеттен небәрі 1 пайыз бөлінеді. Мен мұны тек әскери басшылыққа қатысты айтып отырған жоқпын, ел азаматының кейбірі осындай пікірде. Ал бізде офицерлер қызметтен кетіп жатыр, әскери қызметте қалғысы келмейді. Осындай мәселенің бәрін кешенді түрде шешу қажет.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Әскери реформа жоспары Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданды. Әскерді жаңа форматқа көшіруді ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін пысықталып болуы тиіс. Ал келесі жылдан бастап сарбаздар толық жаңарған әскерде борышын өтейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.