Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде жаппай уланған 58 оқушының түгел ауруханадан шығарылды.
12 қазаннан бері олар қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханада ем алды. Қазір мектеп онлайн режимге көшірілгенімен, нақты қалай жұмыс істеп тұрғаны әзірге белгісіз. Өйткені мектеп басшылығы жағдайға қатысты түсініктеме бермеді. Ал санитарлық тексеру кезінде мектеп асханасында азық-түлікті сақтау, дайын тағамнан тәуліктік сынама алу және тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша талап бұзылған. Сондай-ақ құжаты жоқ сүт өнімдері табылған. Полиция тексеріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері әлі де тергеліп жатыр.
Ал ата-аналарды қазір емделуге, дәрі-дәрмекке және оңалтуға кеткен шығынның, сондай-ақ моральдық зиянның өтелуі мәселесі қызықтыруы мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, шығындарды растайтын түбіртек пен медициналық құжаттарды сақтап қою қажет. Өтемақы талаптары істің мән-жайына қарай мектепке немесе тамақтандыруды қамтамасыз еткен компанияға қойылуы мүмкін.
ЕРЖАН СЕРАЛИН, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ЖҰҚПАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған Республикалық физика-математика мектебінің барлық оқушысы ем қабылдағаннан кейін ауруханадан шығарылды. 12 қазаннан бастап стационарға барлығы 58 бала жатқызылған. Дәрігерлер оларға қажет медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізді.
РУСЛАН ҚОЖАХМЕТ, АДВОКАТ:
— Бұл жағдайда әрбір ата-ана барлық шығындарының өтелуін талап етуге құқылы. Бұл, ең алдымен, емделуге жұмсалған, дәрі-дәрмекке кеткен шығындар, моральдық зиянды өтеу және оңалту шығындары. Мұның барлығы ҚР Азаматтық кодексінің 917, 937 және 951-баптарында қарастырылған. Алайда бұл жағдайда алдымен қылмыстық істің тергеліп, сотта қаралуының қорытындысын күтуі қажет. Тек сот талқылауының нәтижесі бойынша қажетті шығындарды өндіріп алуға құқылы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.