Астанада кептеліс неге көп? Мамандар себебін анықтаудың жаңа әдісін ұсынды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астанадағы көлік кептелісі қашан сейіледі? Елорда жолдарындағы қозғалысты реттеу үшін жаңа технология қолданыла бастады. Қала көшелеріндегі кептелістің басты себебі неде? Мамандар ұсынып жатқан цифрлық модельдеу бұл мәселені қалай шешеді?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бұл – Астанадағы көлік кептелісі жиі болаты аумақтардың бірі. Елордада көлік ағыны көп мұндай проблемалық учаскелер аз емес. Енді мамандар жолдағы қозғалысты арнайы модельдеу технологиясы арқылы зерттеп, кептелістің себептерін анықтамақ.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мамандары мұнымен айналысады. Олар қаланың цифрлық моделін жасап, көлік ағынын алдын ала есептейді. Қай қиылыста бағдаршам уақытын өзгерту керек, қай жерге қосымша жолақтар қажет? Мамандар мұны модельдеу технологиясы арқылы зерделеп жатыр. Яғни көліктің кідіру уақытын, жылдамдығын, тығыздығы мен ағынын салыстырып, қай шешім тиімді екенін анықтайды.
АСҚАР АБЫЛАХАТОВ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КӨЛІКТІ МОДЕЛЬДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Көріп тұрғандарыңыздай, қызыл түс көлік санының артқанын, ал жасыл түс жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Осылайша бірнеше нұсқаны талдап, қайсысы тиімді екенін анықтап, ұсыныстар жасай аламыз. Біз төрт көрсеткішті ескереміз: көліктің кідіру уақыты, қозғалыс жылдамдығы, жолдағы көлік тығыздығы және көлік ағыны. Алдымен, қазіргі жағдайдың моделін жасаймыз. Содан кейін жоспарланған өзгерістерді енгізіп, екінші модельді құрамыз. Соңында осы төрт көрсеткіш бойынша екі нәтижені салыстырамыз.
Жекелеген қиылыс микромодельдеу арқылы зерттелсе, макромодельдеу тұтас аудан мен магистральді қамтиды. Жыл басынан бері орталық 100-ден астам жол қозғалысы мен тұрақ кестесін әзірлеген. Мақсат – жолды жаппай кеңейтпей-ақ, көлік өткізу мүмкіндігін арттыру.

ӘДІЛБЕК ЕСМҰХАНОВ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Астанада кей көшені жобалау кезінде жолақтарды бөлуге қатысты қателіктер кездеседі. Бір жерде жолақ саны жеткіліксіз болса, енді бірінде артық. Яғни жолды жобалау кезінде оңтайлы тепе-теңдік әрдайым сақтала бермейді. Кейде автобусқа арналған арнайы жолақ салуға да жолдың ені жетпейді.
Көлігін рұқсат етілмеген жерге қоятын жүргізушілер де көшедегі кептеліске себеп. Олар жолды тарылтып, қозғалысқа кедергі келтіреді. Сондықтан тиімді кесте әзірлеу аздық етеді, жол ережесі де сақталуы керек. Ал темір тұлпар тізгіндегер өзгерістің нәтижесін қашан сезінетіні әзірге белгісіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал