Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетті. Бұған инфляцияның баяулауы себеп. Қыркүйекте жылдық инфляция 9,3 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен азық-түлік пен күнделікті қызметтердің бағасы әлі де қалтаға салмақ салып тұр. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарапайым халықтың тұрмысына қалай әсер етеді?
Бір жыл бойы қымбатшылықпен алысып келе жатқан жұрт үшін бағаның баяулағаны – жақсы жаңалық. Бірақ бұл дүкендегі азық-түлік арзандады дегенді білдірмейді. Тек бағаның өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Ұлттық банктің дерегінше, қыркүйекте азық-түлік инфляциясы 8,5 пайызға дейін төмендеген. Азық-түлікке жатпайтын тауар 11 пайызға, ақылы қызмет 8,9 пайызға қымбаттаған. Демек, инфляцияның беті қайтқанымен, мәселе әлі шешілген жоқ. Базалық мөлшерлемені жарты пайыздық тармаққа төмендетуге осы үрдіс негіз болған.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— Инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Жылдық инфляция жыл бойы баяулап, қыркүйекте 9,3% болды. Бұл ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтай отырып, бүгін базалық мөлшерлеме деңгейін пропорционал түрде төмендетуге мүмкіндік берді.
«Базалық мөлшерлеме төмендегенімен, коммерциялық банк несие құнын бірден түсіруге міндетті емес», — дейді банк басшысы. Олар өз шығынын, тәуекелін және қаржы нарығындағы жағдайды да ескереді. Сондықтан ипотека мен тұтынушылық несие жақын арада арзандайды деп кесіп айту қиын. Экономист Мақсат Халық бұл қадамның әсерін жұрт ақырын көре бастайды деп есептейді.
МАҚСАТ ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
— Ипотекалық несиелердің пайызы түсе бастайды. Халық үшін пайдалы жағы осы деп айтуға болады. Көлікке берілетін несиелердің пайызы төмендей бастайды. Бұл жағынан да халық үшін тиімді деп айтуға болады. Ал енді кім депозитте ақша ұстап отыр, олар үшін тиімділік кете бастайды. Өйткені алдында 18 пайыз базалық ставка болып тұрған кезінде 20 пайызбен депозитке ақша салу болды. Көп азамат 20 пайызбен кіріс көріп отырды. Ал енді ондай мүмкіндік бірте-бірте төмендейді деген сөз.
Ұлттық банк инфляция алдағы уақытта да бәсеңдейді деп үміттенеді. Бірақ әзірге азық-түлік, коммуналдық төлем мен күнделікті қажеттілік отбасы бюджетіне салмақ салып тұр. Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуін несие алатындарға жасалған жеңілдік немесе баға арзандайды деген белгі деп қабылдауға болмайды. Бұл – ақша құнын біртіндеп арзандатуға бағытталған қадам. Оның қарапайым халықтың қалтасына қаншалықты әсер ететіні алдағы айларда белгілі болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.