Павлодар облысында оңалту орталықтары тапшы

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Павлодар облысында ауыр дертке шалдыққан балаларға оңалту орталықтары тапшы. Аудан тұрғындары баласын емдету үшін ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр. Өйткені мамандар мен ем шаралары тұрғылықты жерінде жоқ. Ал бала 18 жасқа толғанда ата-аналар үшін тағы бір кедергі пайда болады. Көпшілігі тегін оңалтудан қағылады. Бірақ балалары кәмелетке толғанымен, аурудан құлантаза айықпайды. Яғни емге деген қажеттілік те азаймайды.
Назым Баймолдинова Павлодар облысының Аққулы ауданында тұрады. Тоғыз жастағы ұлы Әлназар – бірінші топтағы мүгедек. Кішкентайынан оңалтуға мұқтаж. Бірақ ауылда қажет ем-дом болмағандықтан, анасы ұлын Павлодарға үнемі алып баруға мәжбүр болған.

НАЗЫМ БАЙМОЛДИНОВА, ТҰРҒЫН:
— Ұлым бір жасқа толғанда оңалтуға апардық. Массаж қажет еді. Өйткені балам басын да, арқасын да, тіпті ойыншықты да өз қолымен ұстай алмайтын. Ауылымызда, аудандық ауруханада мұндай қызмет болмады. Сондықтан 5-6 жыл бойы Павлодарға ай сайын қатынауға мәжбүр болдық.

Назым Баймолдинова ұзақ жыл ұлын оңалту орталықтарына ақылы апарған. Еміне де қыруар қаржы жұмсады. Бірақ біртіндеп денсаулығы жақсара бастаған. Әлназар үшін ем-шараны айыққанша тоқтатпауы керек. Қазір бала екі жыл бұрын ашылған облыстық оңалту орталығында тегін емделіп жүр. Мұнда қажетті процедураның барлығын бір жерден алуға болады.

КАМИЛА ИБРАИМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:
— Бізге аудандардан ерекше балалар жиі келеді. Оларға оңалту курсы тағайындалады. 3-4 айдан кейін қайта келіп, емді жалғастырады. Қазақстанның басқа өңіріндегі аудан орталығы оңалту орталықтарын ашуға тырысып жатыр. Ал Павлодар облысында әзірге мұндай кешен жоқ

Иә, аудан тұрғындары үшін оңалтуға қол жеткізу оңай болмай тұр. Қалада тұратын баспана табу қажет, жол шығыны тағы бар. Ал емнің нәтижелі болуы үшін оны үзбей қабылдау маңызды. Гүлжазира Шалахаева да осы қиындықты бастан өткеріп жүр. Қызы қайтыс болған соң, жолдасы екеуі мүгедектігі бар немересін қамқорлығына алған. Былтыр бала 18 жасқа толған. Енді оңалтуды тек ақылы түрде алуға мәжбүр.

ГҮЛЖАЗИРА ШАЛАХАЕВА, ТҰРҒЫН:
— Немерем церебралды сал ауруына шалдыққан. Өздігінен жүре алмайды, тек біреудің көмегімен қозғалады. Оңалтудың бәрін ақылы аламыз. Онсыз болмайды, буындары ауырады. Жүзуге де бара алмайды, ешқайда қабылдамайды. Ал немересінің еміне ақша табу үшін атасы да жұмысын жалғастырып жүр.

18 жастан кейін де оңалтуға деген қажеттілік тоқтамайды. Алайда аудандарда оңалту орталықтарын ашу қиын. Себабі онда жұмыс істейтін білікті мамандар мен арнайы құрылғылар жетіспейді. Салдарынан бүкіл облыста санаулы ғана орталық жұмыс істейді де, көмекке мұқтаж жандардың бәрін қабылдай алмайды. Оңалту орталықтарының жетіспеушілігі мен ақылы қызметтің шығыны, ең алдымен, көмекке мұқтаж жандардың отбасына салмақ салып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал