Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Металлург пен ұстаз, дәрігер мен өнер өкілдері. Еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген қазақстандықтар мемлекеттік наградаға ие болды. Соның ішінде Жезқазған мыс балқыту зауытының маманы Әбдірашит Доспанов та бар. Ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Ал белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды.
Тәуелсіз елдің іргесін нық ұстап, жан-жақты өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, еңбек майданында шынайы шыңдалған азаматтар бүгінде қандай құрметке болсын лайық! Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған еңбек адамдары Ақордаға жиналды. Биылғы Ұлттық мереке ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтуде. Салтанатты жиында Президент қазақстандықтарды Ұлық мереке – Республика күнімен құттықтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қымбатты Отандастар! Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын! Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес. Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді.
«2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш», — деді Президент.
Сондай-ақ еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту. Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді. Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді. «Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек.
«Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет», — деген Президент салтанатты жиынға шақырылған еңбек адамдарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Ең жоғары атақ – «Қазақстанның Еңбек Ері» 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп,кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып келе жатқан Әбдірашит Доспановқа берілді. Төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» ордені табысталды. Сондай-ақ «Барыс», «Құрмет» орденьдерімен қатар барлығы 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 473 жұмысшысы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері, сондай-ақ күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.