Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қызылордада замандасының қолынан қаза тапқан 14 жастағы жасөспірімнің жақындары тергеудің әділ өткенін қалайды. Айтуларынша, Нұрисламбек Раушанбек оқиға болған күні орталық алаңда анасына қолқабыс жасауға барған. Отбасы балаларға арналған бірнеше машинаны жалға берумен айналысыпты. Алайда бәсекелестерімен келіспеушілік туындап, соңы жасөспірімнің өлімімен аяқталған.
Жалғыз ұлдарын жер қойына тапсырған жақындары қайғыдан қан жұтып отыр. Айтуларынша, оқиға түнгі он жарымдар шамасында болған. Жасөспірім шағын көліктерді пультпен басқарып, анасының жанынан ұзап кетіпті. Баласы адамдар шоғырланған жерде кідіргенін көріп, бармақшы болған. Алайда көптің ортасынан шыққан Нұрисламбек 3-4 қадам қалғанда шалқасынан құлаған. «Ішім жамандықты сезді», — дейді Меруерт Таңатова. Өйткені қатар тұрған кәсіпкер бақталасып, арада бірнеше рет кикілжің болған деп отыр.
МЕРУЕРТ ТАҢАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Сол жерде жалданып жұмыс істеп жүрген бала. «Тәте мен тықтым, мамамды шақырмаңдаршы, полиция шақырмаңдаршы», — деп маған өзі айтты. Сосын 2 бала келіп, желкесінен ұстап: «Не айтып қойдың, айтпа ешнәрсе», — деп баланы алып кетті. Бір күнде болған жағдай емес, қайталанып-қайталанып келіп ушығып тұрған жағдай.
Күдікті анасының көзінше келіп баланың кеуде тұсындағы бұрауышты жұлып алыпты. Нұрисламбек жедел ауруханаға жеткізілгенмен, аман алып қалу мүмкін болмаған. Енді қаралы отбасы тергеудің әділ өткенін қалайды. Себебі клиент үшін өзара таласқа түскен кәсіпкер мен жұмысшылары баласына жиі қоқын-лоққы көрсететінін айтады.
ГҮЛСІМ МҰРАТ, МАРҚҰМНЫҢ ТӘТЕСІ:
— Бұл нәрсе 3-4 рет қайталанды. Өлтірген балаға жұмыс беруші әйел біздің Нұрисламды ұрды. Әділдік талап етеміз. Бұл істе өзінің ойы жоқ кішкентай бала өзі барып бұлай істеді деп ойламаймыз. Бұның артында итермелеуші күштер бар. Үлкен адамның қатысы бар деп ойлаймыз.
Аталмыш іс бойынша жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, кәмелет жасқа толмаған күдікті қамауға алынған.
НАРИМАН АБЛАКИМ, ОПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Мың теңгелік бизнестің айналасынлдағы бақталастықтың соңы тұтас бір отбасының қайғысына ұласты. Енді ешқандай жаза да, пайда да «боталап» қалған ата-ананың жан жарасын жазбасы анық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.