Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Түркияда торнадо төрт адамның өмірін қиды. Үндістанда циклон қаупіне байланысты жүздеген мың тұрғынды эвакуациялау жоспарланып отыр. Ал Испанияда демалушылар алып толқын теңізге алып кеткен әйелді құтқарып қалды. Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар туралы толығырақ.
Түркияның Анталья қаласында торнадо соғып, төрт құрылысшы қаза тапты. Тағы бір жұмысшы жарақат алды. Қатты құйын жұмысшылар тұратын екі уақытша вагонды қиратып, ішіндегі бес адамды сыртқа ұшырып жіберген. Екі адам оқиға орнында, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Сонымен қатар құрылыс алаңындағы мұнаралы кран құлаған. Оқиға алдында метеорологтар өңірде қатты жауын-шашынға байланысты сары деңгейлі ескерту жариялаған. Мамандар су тасқыны мен торнадо қаупі туралы да ескерткен.
Үндістанның шығыс жағалауына «Арнаб» циклоны жақындап келеді. Болжам бойынша, ол 28 қазанда Андхра-Прадеш штатына жетуі мүмкін. Желдің жылдамдығы сағатына 140 шақырымға дейін барады. Қатты жел мен су тасқыны қаупіне байланысты тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру басталды. Штатта 400 мыңға жуық адамды эвакуациялау жоспарланған. Қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге орналастырылды. Бірқатар пойыз рейсі тоқтатылған.
Испанияның Ла-Корунья қаласында демалушылар теңізге ағып кеткен әйелді құтқарып қалды. Әйел жағалауда кітап оқып отырған кезде, алып толқын оны суға алып кеткен. Оны жалғыз шығару мүмкін болмаған соң, он шақты адам қол ұстасып, тізбек құрған. Осылайша әйелді жағаға алып шықты. Кейін ол ауруханаға жеткізілді. Оқиға болған кезде теңіздегі күшті толқындарға байланысты ескерту жарияланған еді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.