Alatau city-де ең биік ғимараттың құрылысы басталды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Алатау қаласының келбетін өзгертетін ауқымды жоба қолға алынбақ. Мұнда Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимарат бой көтереді. Iconic Complex деп аталатын кешеннің құрылысына 800 миллион доллардан астам инвестиция салынады. Жобаны әзірлеуге әлемге әйгілі сәулетшілер мен Қытайдың ірі құрылыс компаниялары қатысып жатыр. Бұл жерде жай ғана іскерлік орталық емес, адамдар жұмыс істеп, тұрып, демалатын жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделген. Зәулім ғимараттың құрылысы қашан аяқталады?
58 қабат, биіктігі – 272 метр. Алатаудағы алғашқы зәулім ғимарат осындай болмақ. Оның жанынан биіктігі 78 метр болатын тағы бір мұнара салынады. Кешенде кеңсе, апартамент, бес жұлдызды қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктер орналасады. Жоба авторларының мақсаты – адамдар жұмыс істеп қана қоймай, өмір сүріп, кездесіп, демала алатын тұтас іскерлік орталық құру. Ғимараттардың сәулеттік келбеті Іле Алатауының тауларынан шабыт алған. Жобаның тұжырымдамасын Дубайдағы Бурдж-Халифа секілді әйгілі зәулім ғимараттарды жобалауға қатысқан америкалық SOM сәулет бюросы әзірлеген. Ал құрылысты әлемдегі ірі мердігер компаниялардың бірі саналатын қытайлық компания жүргізеді. Дегенмен жаңа қала үшін ғимараттардың сыртқы келбеті ғана емес, көлік қатынасы мен инфрақұрылымның қолайлылығы да маңызды.

Жобаны іске асыруға қазақстандық компаниялар мен мамандарды да тарту жоспарланған. Ал Алатаудың дамуы зәулім ғимараттар салумен шектелмейді. Қаланы Алматыға метро немесе жеңіл рельсті көлік жүйесі арқылы қосу көзделген. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған бағыттар да қамтылады. Экологиялық талап да ескерілген: ғимараттардың шатырларына электр энергиясын өндіретін күн панельдерін орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жаңа технологиялар мен бизнесті тарту үшін инвесторларға арнайы жағдай жасалмақ.

АРМАН ТАСТАНБЕКОВ, ALATAU CITY AUTHORITY БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Арнайы құқықтық режим отандық және шетелдік инвесторларға тиімді жағдай жасауға мүмкіндік береді. Яғни Alatau City әкімшілігі мен кеңесі салықтық жеңілдіктердің кең ауқымын ұсына алады. Мұның бәрі қалаға озық технологиялар мен инновацияларды тарту үшін жасалып отыр.

Қазір қаланың инвестициялық жинағында жалпы құны 7 миллиард долларға жуықтайтын 67 жоба бар. Оның барлығы іске асса, шамамен 55 мың адам жұмыспен қамтылуы мүмкін. Билік арнайы жасалған жағдайлар отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырады деп үміттенеді. Алайда мұндай ауқымды жобаға инвестициямен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Алматы өңірінде жер сілкінісі қаупі бар болғандықтан, биік ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі жобалау кезеңінен бастап ескеріледі.

ГАБРИЭЛЕ ПАСКОЛИНИ, SOM АМЕРИКАЛЫҚ СӘУЛЕТ БЮРОСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— SOM биік ғимараттарды жобалауға маманданған. Біздің жобаларымыздың қатарында Дубайдағы Бурдж-Халифа мен Нью-Йорктегі Freedom Tower бар. Біз жұмысты бастапқы кезеңнен-ақ инженер-конструкторлармен бірлесіп жүргіземіз. Ғимаратты жобалағанда өңірдің сейсмикалық белсенділігін ескереміз. Мәселен, пирамидалық пішін ғимараттың негізгі салмағын төменгі бөлігіне жақын орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жер сілкінісі кезінде көлденең ығысуларға қарсы тұратын арнайы инженерлік құрылымдар қарастырылып жатыр.

Iconic Complex құрылысы 2029 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен Алатауды толыққанды қалаға айналдыру үшін зәулім ғимараттардың өзі жеткіліксіз. Мұнда қолайлы жолдар, қоғамдық көлік, жұмыс орындары және күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылым қалыптасуы керек. Iconic Complex жаңа қаланың басты нысандарының біріне айналмақ. Ал онымен бірге Алатауға жаңа инвестициялар, кәсіпорындар мен тұрғындарға арналған мүмкіндіктер де келеді деген үміт бар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал