Президент «Халықтық құрылыс» жобасын жариялап, ең төменгі жалақыны көтеруді ұсынды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Елде құрылыс қызатын түрі бар. Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді, жаңа жолдар салынады, ауылдарға су мен газ тартылады. Мұның бәрі «Халықтық құрылыс» деген атаумен жүзеге асады. Президент бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Халықтың қалтасына қатысты жаңалық та бар. Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Ал ірі байлық иелеріне салынатын салық қайта қаралуы мүмкін.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— «Халықтық құрылыс». Атауының өзі ауқымды істің басталатынын аңғартады. Президент бүгінгі халыққа жолдауында келесі жылы елдің түкпір-түкпірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын саламыз деді. Бұл ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастаймыз. Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді.
Жол мәселесіне келгенде Президенттің талабы қатаң. Елдегі автожолдардың сапасына Үкімет тікелей жауап беруі керек. Қазір республикалық жолдар жалпы желінің шамамен 26 пайызын құрайды. Қалғаны әкімдіктердің қарамағында. Мемлекет басшысы осы жауапкершілікті бір орталыққа жинап, Көлік министрлігіне жүктеуді тапсырды.

Жаңа жылдан бастап елде ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Президент 2027 жылдан бастап осы межені белгілеуді ұсынды. Ол сондай-ақ Үкіметке 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл – 77 мыңнан астам маманның табысын өседі деген сөз.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.

Кәсіпкерлерді тексеруге қойылатын мораторий үш жылға ұзартылуы мүмкін. Президент бұл мәселені Құрылтай депутаттары мен Үкімет бірлесіп талқылауы керек деп санайды. Ұсыныс мақұлданса, жаңа шектеу 2027 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қаржы қолжетімді болуы керек. Президент банктерді бизнеске ұзақ мерзімге несие беруге белсенді тартуды тапсырды. Ал азаматтардың смартфон арқылы табыс табуына жағдай жасау қажет екенін айтты.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Ал қалталы азаматтарға салықты көбейту керек. «Яғни дәулеті көп азаматтар ел бюджетіне көбірек үлес қосуға тиіс», — деп есептейді Президент. Заңды жолмен тапқан байлыққа ешкім тиіспейді. Әңгіме салықты әділ бөлу жайлы. Енді Үкімет пен Құрылтай осы мәселені қарап, нақты ұсыныс әзірлеуі керек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал