Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жасанды интеллект дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту қажет. Осыған орай, Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында өңірлерде жаңа нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртылмақ. Негізгі мақсат – отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халыққа қажетті нысандарды көбейту.
ВИКТОРИЯ ТЕН, ҚАЗАҚСТАН ҚҚ ЗТБ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мемлекет басшысының құрылыс саласына назар аударуы дер кезінде қолға алынған, қазіргі уақытта өте маңызды қадам деп айтуға болады. Әрине, білім беру, медицина салаларындағы жаңа жобалар мен жол құрылысы, саланың дамуына қосымша серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық өндірістің дамуына ықпал етеді. Жалпы инфрақұрылымдық құрылыс тұрғын үй құрылысының дамуына да, әлеуметтік саланың өркендеуіне де серпін береді. Соның нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасы артып, күнделікті тұрмысымыз жайлы бола түседі.
Келесі жыл ауқымды құрылысқа арналмақ. Елде сегіз заманауи перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы және Астанада тағы екі медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жолдар, вокзалдар, әуежайлар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтереді.
Сондай-ақ Балқаш атом электр станциясының құрылысын келесі жылы бастау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ал Мойынқұм АЭС жобасын жеделдету көзделген. Оған қоса, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары жақын арада іске қосылады. Келесі жылы Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал