Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Мемлекет баксшысының кезекті Жолдауынан кейін Құрылтай депутаттары пікірлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, басты назар аударылған бағыттар қатарында әлеуметтік инфрақұрылым мен жаппай құрылыс тұр. Депутаттар Президенттің аймақтардағы білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандарына ревизия жүргізіп, жаппай құрылысты жандандыру туралы тапсырмасын ерекше қолдап отыр. «Бұл – халықтың тұрмыс сапасын тікелей жақсартуға бағытталған қадам», — деп бағалады олар.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы – ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында басымдық берген бағыттардың негізгісі. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 2029 жылға дейін 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл қомақты қаражаттың бір тиыны да шашау шықпай елдің әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту үшін тұрғызылатын нысандарға жұмсалуға тиіс. Яғни өңірлерде шамамен 70-ке жуық денсаулық сақтау, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысы басталады. Жолдауда айтылған мұндай ауқымды істерді Құрылтай депутаттары да бір ауыздан қолдап кетті.
ЕКАТЕРИНА СМОЛЯКОВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Президентіміз бүгін еліміздің ары қарайғы дамуының стратегиялық бағыт-бағдарын, алдымызда тұрған негізгі мақсат-міндеттерді айқындап берді. Өздеріңізге білесіздер қазіргі таңда елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Осы құрылыс жылы аясында оңалту орталықтары, балаларға арналған инфрақұрылым, жаңа мектептер, жаңа перинаталды орталықтар, ерте диагностикалауға арналған медициналық мекемелер ашылады. Бұл еліміз үшін, әлеуметтік сала үшін үлкен жетістік болады деп ойлаймын.
Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. «Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін», – деді Жолдауда. Депутаттар да бұл бастама елімізде үлкен өзгеріс әкелеріне үмітті.
Елдегі өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру үшін қалаларды дамытуға басымдық беріледі. «Қалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және инфрақұрылымды тиімді басқару – маңызды міндеттердің бірі», — деді Мемлекет басшысы.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Сонымен қатар Президент қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. «Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.