Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Шымкентте өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Енді құрғақ шөп пен қоқыстың жануын жердегі мамандар ғана емес, әуедегі дрондар да бақылайды. Қазір қалада 16 бірдей ұшқышсыз аппарат жұмылдырылған. Оның бірі станциядан 5 шақырымға дейін қашықтыққа ұшып, 40 минут бойы үздіксіз бақылау жүргізе алады.
Аппарат әуеден аумақты бақылап, құрғақ шөптің немесе өсімдік қалдықтарының жануын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, осындай дронмен бақылау кезінде Ақжар шағын ауданында екі ер адамның шөп қалдықтарын өртегені анықталған. Олар қураған өсімдіктерден құтылмақ болған. Бақылаудан шыққан өртті дрон әуеден тіркеп, ақпарат тиісті қызметтерге жедел жеткізілді.
АСҚАР ШӘРІП, ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Рейдтік іс-шаралардың нәтижесіне сәйкес бізде 6 жеке тұлғаға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған болатын. Екі азамат өзінің жеке қолданысындағы ауласында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерде шөптердің қалдықтарын жаққан. Салдарынан өрттің толық аумағы 0,6 гектарды құрады. Сол мезетте арнайы дронның көмегімен жану фактілерін айқындай алдық. Сол мезетте ПД қызметкерлері мен Тұран аудандық ТЖБ қызметкерлері сол жерге жолданды. Аталған екі тұлғаға ескерту түрінде тәртіптік шараға тартылды.
Ұшқышсыз аппараттың артықшылығы – жағдайды қашықтан бақылау. Өрт ошағының қай жерде екенін және оның қаншалықты аумаққа тарағанын бағалауға болады. Бұл құтқарушыларға күш пен техниканы қажет бағытқа жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Әуеден бақылау тек өрт қауіпсіздігімен шектелмейді. Дрондар қаладағы скверлер мен адам көп жиналатын орындардағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті бақылауға да пайдаланылады.
ДАНАБАЙ АЛИЕВ – ПД ҚҚБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Бірінші жолы ескерту жасаймыз. Ал егер қайталанған жағдайда, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Коммуналдық талаптарды сақтамай, скверлер, басқа да адамдар көп жиналатын жерлерді ластағаны үшін әкімшілік іс сот құзыретімен қаралады. Қазіргі таңда сот алдында осындай азаматтарға қоғамдық жұмыстарға тарту шарасы туралы бастаманы көтеріп жатырмыз.
Құрғақ шөп пен өсімдік қалдықтарын жағу қауіпті. Өйткені жел соқса, жалын әп-сәтте тарап, өрт қаупін төндіруі мүмкін. Ал әуе патрулі қауіпті жағдайды енді көктен де бақылайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.