Қ.Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барды. Анкарада мемлекеттер басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.

Құрметті мейманды Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі күтіп алды. Қазақстан Президентінің баруына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Екі ел президенті әуежай залында аз-кем әңгімелесті. Мемлекет басшысы бауырлас елдің сый-құрметіне ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бұл жақта ауа райы жақсы екен. Бізде Астанада күн ашық. Бәрі жақсы. Бүгін мен үшін ерекше күн болды деп айтуға болады. Күннің бірінші жартысында мен халыққа арналған Жолдауымды жарияладым. Міне, қазір Сіздің шақыруыңызбен ресми сапармен келіп отырмын. Көп рақмет! Ризамын!

Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, Сарайға келген сәтте Президент кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды.

Екі ел Президенттері құрмет қарауылы алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Президенттер кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал