Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Бай салыққа құйсын, ал салық ел игілігіне септігін тигізсін. Елімізде бай-манаптарға салық салудың әлемдік тәжірибесі зерттеледі. Сөйтіп, салық мөлшері енгізіледі. Үкімет отырысында Олжас Бектенов тиісті мекемелерге бір ай ішінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Ал шағын және орта бизнесті үш жыл бойы тексеруге болмайды. Президент Жолдауында жүктелген маңызды міндеттерді жүзеге асыруға арналған жиында тағы не айтылды?
Қалтасы қалың, дәулетті азаматтар ел қазынасына көбірек салық төлеуі мүмкін. Президент Жолдауында көтерілген бұл мәселе министрлер кабинетінде талқыланды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір ай уақыт берді. Осы мерзімде халықаралық тәжірибені зерттеп, нақты ұсыныс әзірлеуі керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
– Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері 1 ай мерізмде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін. Қаржы министрліктері жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдасын.
Бұл бастаманы сарапшылар да қолдайды. Өйткені әлемнің бірқатар елінде бай-бағландарға салықтың жоғары мөлшерлемесі қолданылады. Бірақ мұнда бір маңызды мәселе бар. Әлеуметтік әділеттілік пен инвестиция тартудың арасындағы тепе-теңдік сақталуға тиіс. Ал салықтан түскен кіріс халықтың игілігіне, әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалуы керек.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, САРАПШЫ:
– Мемлекет басшысының көтерген негізгі мәселесі бай адамдардың капиталын шектеу емес. Әр азаматтың ел дамуына өзінің экономикалық мүмкіндігіне сай үлес қосуы деп айтуға болады. Ең бастысы, дәулетті азаматтарға салынатын қосымша салық кәсіпкерлік белсенділікке кедергісін келтірмеуі керек. Бұл жердегі басты мақсат – бай адамдардың санын азайту емес, елдегі экономикалық мүмкіндікті кеңейту, ауқатты азаматтарды да, орта таптың да көбеюіне жағдай жасау.
Үкімет сағатында шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі де қаралды. Ұсыныс мақұлданса, іскер азаматтарды тексеруге уақытша шектеу қойылады. Бұл мәселе Құрылтай депутаттарымен бірлесіп талқыланады.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға 3 жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Халықтық цифрлық эконгомиканы құру шеңберінде кәсіпкерлік мемлекетті кқолдау шаралры маркетплейстерді, банктерді және логистиканы қоса алғанда цифрлық серфистердің мүмкіндіктері біріктіріледі.
Алдағы екі аптада Ұлттық экономика министрлігі бизнес өкілдерімен және депутаттармен бірлесіп, үш жылдық мораторийге қатысты ұсыныстар әзірлеуі керек. Бұл бастамалар Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарға енгізіледі. Құжаттың жобасы 3 қарашада Үкімет отырысында қаралмақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.