Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Петропавл мен Көкшетау трассасы кеңейтіледі. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Президент тапсырмасынан кейін қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жауаптылардың сөзінше, екі өңірді байланыстыратын транзитті жолмен күніне 6 мыңнан астам техника әрлі-берлі қатынайды. Дені – жүк тасымалдаушылар.
Бұл – республикалық маңызы бар «Петропавл – Астана» тасжолы. Көкшетауға дейінгі аралық екі жолақты. Бұл трассамен қатынайтындардың 60 проценттен астамы – транзиттік көлік. Жүргізушілердің сөзінше, жол тар болғандықтан әсіресе түнде жүру қиын.
ЖАНДОС СӘРСЕНБЕКОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
– Біз осы жол арқылы Қытайдан жүк алып Еуропаға, Белоруссияға өтеміз. Негізгі жол осы жол, басқа өтетін жол жоқ. Жеңіл көлік көп жүреді. Жүк көліктерімен жолға таласып қаламыз. Жол кеңеймесе болмайды деп есептеймін.
Қос өңірді байланыстыратын транзиттік жолдың жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуықтайды. Оның 160 шақырымы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Жыл басынан бері осы аралықта 10-нан астам жол апаты болған. Салдарынан 15 адам мерт болып, тағы 36-ы түрлі дене жарақатын алды. «Сондықтан трасса төрт жолақты болса қауіпсіздік артып, барыс-келіс, алыс-беріс артар еді»,- дейді кәсіпкерлер.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, ШАРУА:
– Біздің өңір Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облысымен шектеседі. Жол бар, бірақ ол біздің сұранысты қанағаттандырмайды. Өйткені қозғалыс нөпірі жылдан жылға артуда. Ал бізге, өз өнімдерімсізді өзге аймаққа уақытылы жеткізуіміз керек. Сондықтан бұл жолдың кеңейтілгенін асыға күтудеміз.
Президент тапсырмасымен екі облыстың арасы төрт жолақты болады. Осылайша жолдың ені 18 метрге дейін кеңейтілмек.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, ЖКАЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– Жолдың әр шақырымына кететін шығынды есептеу үшін салыстырмалы талдау жүргізіп, жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Көпірлер мен жолайрықтар салу, сондай-ақ инженерлік құрылыстар мен су өткізетін құбырлар орнатылатын учаскелер анықталды. Жалпы шаруаны 2027 жылы бастаймыз. Қазір бұл мәселені көлік министрлігі өкілдерімен пысықтап жатырмыз.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
– Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша елімізде екінші орында. Аймақта 8 мың шақырымнан асатын жол бар. Бүгінгі күні оның 90 проценттен астамы нормативке сай.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.