Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ақтөбе тұрғындары құрылысы аяқсыз қалған ғимараттан қорқып отыр. Өйткені ол маңға әуелі маскүнемдер үйір. Одан кейін балалар да ойын алаңына айналдырып алған. «Мәселені тездетіп шешпесе, біреу-міреу биіктен құлап, мертігуі мүмкін», — дейді. Арнамыздың түсіру тобы осы мәселені әкімдік өкілдерінің алдында көтерді.
Құрылысы аяқталмаған үйдің маңында тұратын жұрт бірнеше жылдан бері дабыл қағып, түрлі мекемелерге шағымданып келеді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. «Тоғыз қабатты нысан қараусыз қалғандықтан, мұнда ішімдікке салынғандар мен есірткі тұтынатындар жиі жиналады», — дейді тұрғындар. Ең алаңдататыны, ғимаратқа балалар шығып ойнайды.
АРҒЫН АЙТЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Ғимараттың төбесіне дейін балалар өрмелеп шығады. Кез келген адамдар жүреді. Ең бірінші, балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Бұл үйде қылмыс та болуы мүмкін, сау адам да, ішкен адам да, көлденең жүрген адамдар кіріп-шығып жүреді. Бірнеше рет балалар төбесі шықты. Біз 102-ге звондап, полиция шақырып, бір-екі бала ұсталып, содан кейін кетті.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, үш жыл бұрын осындай проблемалы нысандардың құрылысын аяқтауға жауапты арнайы ұйым құрылған. Қазір қалада құрылысы аяқталмаған 11 нысан бар. Оның екеуінде инвесторлар есебінен құрылыс қайта жанданып, тағы екеуін аяқтау жоспарланған. Қалғандары арнайы ұйымның балансына берілуге әзірленіп жатыр.
ДАСТАН АМАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Бұл нысан проблемалы деп танылған. Қазір ол «Смарт-Орда» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің балансында тұр. Бұл проблемалы нысандарда жосықсыз құрылыс салушылар тарапынан алаяқтық әрекеттер болған. Яғни тұрғындардан қаражат жиналып, алайда құрылыс аяқталмаған.
Тоғыз қабатты қараусыз ғимаратты қазір ешкім күзетпейді. Бірақ бұл нысанға ақша салған үлескерлер бар. Яғни пәтер алуды жоспарлаған тұрғындардың қаражаты осы құрылысқа жұмсалған. Нысанның тұрғын үй-құрылыс кооперативі де бар. Жауапты ұйым өкілдерінің айтуынша, дәл осы кооператив ғимаратты күзетуге міндетті. Алайда күзет нысан оның балансына толық өткеннен кейін ғана ұйымдастырылмақ. Жоспар бойынша бұл жұмыс жыл соңына дейін жүзеге асуға тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.