Әлемдегі ірі криптобиржалардың бірінен миллиардтаған доллар ұрланды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жаһандағы ең ірі криптобиржалардың бірі – Binance хакерлер шабуылына ұшырады. Бұл оқиға әлемдік криптонарықты дүр сілкіндірді. Енді биткоин мен басқа да цифрлық валюталардың бағасы құлдырамай ма? Бұл Қазақстандағы криптонарыққа қалай әсер етеді? Сарапшылар не дейді?
Бұл – криптовалюта биржасындағы ең ірі ұрлықтардың бірі. Binance-ке ауқымды кибершабуыл жасалды. Небәрі 40 минуттың ішінде хакерлер 6 миллиард 300 миллион доллардың цифрлық активтерін жымқырған. Қазір компания мамандары халықаралық киберқауіпсіздік ұйымдарымен бірлесіп, шабуылдың салдарын жоюға күш салып жатыр. Хакерлер биржаның қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықты пайдаланып, цифрлық әмияндардағы қаражатты қолды қылған. Қалған активтерді қорғау және ұрланған қаражаттың ізін анықтау жұмыстары қарқын алды. Шабуылдан кейін биржа қаражат енгізу мен шығару қызметтерін уақытша тоқтатты.

BINANCE:
«Binance барлық шығынды SAFU қоры мен компанияның өз қаражаты есебінен толық өтейді. Пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз. Депозит салу операцияларына бұл оқиға әсер еткен жоқ, олар әдеттегі режимде жалғасып жатыр».

Алайда ірі биржа өкілдерінің бұл мәлімдемесі криптонарықтағы алаңдаушылықты сейілте қойған жоқ. Хакерлік шабуыл туралы ақпарат тараған соң, биткоин мен Ethereum бағасы 3 пайызға, ал Binance-тің өз токені BNB шамамен 5 пайызға арзандады. Сарапшылар нарықтағы тұрақсыздық әлі де байқалатынын айтады. Әсіресе биткоин бағасына қатысты болжам көңіл көншітпейді.

ХРИСТОФОР ЭФТИХИСМЕНОС, КРИПТОВАЛЮТА САРАПШЫСЫ:
— Менің болжамым бойынша, биткоин бағасы 30 мың долларға дейін, тіпті одан да төмен түсуі мүмкін. Сондықтан қазір криптовалюта сатып алуға асықпаған жөн. Ал қолдағы цифрлық активтерді биржада емес, жеке әмиянда сақтауға кеңес беремін. Биржада тек жақын уақытта сатылатын немесе сатып алынатын цифрлық активтерді ғана ұстаған дұрыс. Әзірге нарықтан өсім күтіп отырған жоқпын.

Сарапшының пікірінше, әлемдік нарықтағы дүрбелең Қазақстанды да айналып өтпейді. Өйткені отандық инвесторлар да халықаралық криптобиржалар арқылы сауда жасайды. Оның үстіне елімізде цифрлық активтер нарығы біртіндеп кеңейіп келеді. Мысал үшін, қазір Астана халықаралық қаржы орталығының реттеуінде 35 компания жұмыс істейді. Оның 11-і – криптобиржа, 16-сы – инвестициялық қызмет көрсетуші, тағы сегізі – төлем ұйымы. Олардың қатарында Binance пен Bybit те бар. Биыл цифрлық нарықтағы операциялар көлемі 5,5 миллиард долларға жеткен. Ал клиент саны 270 мыңнан асады.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Криптовалютаға қызығушылық артқан сайын, оны сақтау мен қорғау мәселесі де өзекті болып отыр. Әлемдегі ең ірі биржалардың өзі хакерлердің шабуылына ұшыраса, шағын крипто биржаларға сенуге болады? Мамандар цифрлық активке ақша салмас бұрын платформаның қауіпсіздігіне мән беруді ескертеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал