Қазақстанның Түркі елдерімен сауда айналымы 10 млрд долларға жуықтады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысу үшін Анкарадағы Президент кешенінің Көрме орталығына барды. Осы жерде делегация басшылары естелік суретке түсті.
Мемлекет басшысы Саммитте сөз сөйледі. Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі 10 млрд долларға жуықтаған. «Бұл былтырғыдан 40 пайызға артық. Осы қарқынды сақтап қалу керек», — деді Президент. Ол үшін «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет.
Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артқан. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал