Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Жұмыс іздеп басқа өңірге қоныс аударуға ниетті қазақстандықтар енді жаңа ереже бойынша мемлекеттен қолдау көреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныстандыру қағидаларын жаңартты. Жаңа талап бойынша, басқа жаққа көшіп барғысы келетіндер облыс ішінде және өңірлер арасында қоныс аударуға құқылы. Бұл өзгеріс келер жылдан бастап күшіне енеді.
Қазақстанда ерікті қоныс аудару бағдарламасы 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақытта 30 мыңнан астам адам мемлекеттің көмегімен тұрақты жұмысқа орналасқан. Енді аталған бағдарламаға жаңа өзгеріс енгізіледі. Бірақ негізгі мақсаты ауыспайды. Яғни, еңбек күші тапшы өңірлерге жұмыс ресурстарын бағыттап, қазақстандықтардың басқа елді мекендерден жұмыс табуына көмектесу.
ДИНА ТЕМІРБОЛАТ, КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі уақытта Үкімет қаулысымен қоныс аударуға арналған 8 өңір белгіленген. Олар – еліміздің солтүстік, орталық және шығыс аймақтары. Мамандарға деген сұраныс әсіресе, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жоғары. Қажетті мамандар тізімін қоныстандыру өңірлеріндегі бос жұмыс орындарын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар айқындайды.
Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, сұранысқа ие мамандық иелері, қандастар, шаруа қожалықтарының басшылары, сондай-ақ жұмыс берушілер қатыса алады. Қоныс аудару кезінде оқу орындарының түлектеріне, ауыл жастарына, сондай-ақ кәсіпорынның таратылуы салдарынан жұмыссыз қалған азаматтарға басымдық беріледі. Ал еңбек күші артық өңірлердің тізімінен Қызылорда және Жетісу облыстары шығарылды. Мұндай аймақтарда жұмыс іздеушілер саны бос жұмыс орындарынан әлдеқайда көп. Ал маман тапшылығы әлі де солтүстік өңірлерде жоғары.
АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:
— Өкінішке қарай, қоныс аударған азаматтардың белгілі бір бөлігі уақыт өте келе кері қайтып жатады. Мұндай санаттағы адамдар да бар. Қазақстанда қазір ауыл тұрғындарының үлесі шамамен 35-36 пайызды құрайды. Ал осыдан 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 42-45 пайыз болған. Алдағы уақытта қала мен ауыл арасындағы айырмашылық одан әрі ұлғая түсуі мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті мамандар әрдайым тапшы болады. Осы бағытта мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау көрсету қажет.
Жас мамандар үшін басқа өңірге қоныс аудару – тек жұмыс табудың ғана емес, кәсіби тұрғыдан дамудың да мүмкіндігі. Ұлытау облысында медицина қызметкерлеріне сұраныс бар. «Ал мемлекеттік қолдау жаңа жұмыс орнына келген мамандардың жергілікті жерде тұрақтап, тұрмысын реттеуіне көмектеседі», — дейді мамандар.
НҰРАЙ СЕРІКҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР:
— Мен Ұлытау облысына жұмыс істеу үшін көшіп келдім. Себебі мұнда медицина мамандарына сұраныс жоғары.Әрі кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді. Мен үшін жұмыс табумен қатар тұрақты өмір сүруге қолайлы жағдайдың болуы да маңызды. Мұндай бағдарламалар өңірлерге білікті медициналық мамандарын тартуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.
Жұмысқа орналасу мен қоныс аударуға көмектесуден бөлек, бағдарлама қатысушыларына алғашқы бір жылда тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет ақысын өтеу қарастырылған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.