Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Домбыраның тілін енді дірілмен де түсінуге болады. Шымкенттік оқушылар ұлттық аспапты үйренуді жеңілдететін ерекше жүйе ойлап тапты. Ол есту, көру қабілеті шектеулі жандарға да жаңа мүмкіндік береді. Жас өнертапқыштардың бұл жобасы қалай жұмыс істейді?
Жүйенің негізгі бөлігі – домбыраға орнатылатын арнайы құрылғы. Жарықдиодты индикатор қай ішек пен пернені басу керегін көрсетеді. Ал арнайы білезік қолдың қозғалысын діріл арқылы сезіндіреді. Домбыра корпусындағы құрылғы ырғақты да жеткізеді. Бұған қоса, зағип жандарға арналған Брайль қарпімен белгіленген нұсқаулар бар. Яғни кез келген адам домбыра мұғалімінсіз-ақ, өз бетінше үйрене алады.
ЗАРИНА БЕКТУЛЛА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Арнайы Брайль шрифты домбыра мойнындағы кейстың арғы бетінде орналасқан, көру қабілеті шектеулі жандар қажет пернені сипап-сезіп таба алады. Ал домбыраның артқы шанағында арнайы вибро-күшейткіш орнатылған. Бұл домбырадан шығатын арнайы вибрацияларды күшейтеді және сол арқылы есту қабілеті шектеулі жандарға әуенді жақсы сезуге көмектеседі.
Оқушылар мұнымен де шектелмеген. Dombra Sense жүйесіне мобильді қосымша қосылған. Онда пайдаланушы сабақтарды таңдап, оқу қарқынын өзіне ыңғайлай алады. Ал жаңа шығарма үйренгісі келсе, оны бағдарламаға енгізсе жеткілікті. Жасанды интеллект музыкалық материалды талдап, интерактивті сабаққа айналдырады.
Жобаны жасауға қажет жабдықтардың басым бөлігі мектеп зертханасынан табылған. 11-сынып оқушылары қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық өнерді үйренудің жаңа тәсілін әзірлеп шықты.
МҰХТАР МЕДЕТОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
— Жобаны сәуірде бастадық. Бастау себебіміз – робототехника бойынша жобамыз мәдениет және жасанды интеллект тақырыбында болды. Әлі де арттырамыз, негізі түп мақсатымыз – кез келген әуенді алып, жасанды интеллект арқылы анализ жасап, оны домбыраға лайықтау. Яғни кез келген өзіңізге ұнаған әуенді домбырада тартып үйренесіз.
Қазір жас өнертапқыштар жүйені әлі де жетілдіріп жатыр. Болашақта оны домбырадан бөлек, басқа да ұлттық аспапқа орнатуды жоспарлайды. Осылайша, олар дәстүрлі музыканы үйренуге кедергі болатын шектеуді азайтып, ұлттық өнердің қолдану аясын кеңейтпек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.