Біреудің атына банк шотын ашып, миллиондарды әрі-бері аударады. Шот иесі мұны білмеуі де мүмкін. Қазақстанда алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен өзгенің бет-бейнесін қолдан жасап, банктердің биометриялық тексеруінен өтіп жүр. Биыл тоғыз айда дропперлікке қатысты 1100-ден астам қылмыс тіркелген. Былтыр төртеу болған. Алаяқтардың құрбаны болған азаматтар неге ақырында сот алдында жауап беруге мәжбүр?
Алматылық Зухра Валиева өз атына жасырын түрде ашылған банк шоттары бар екенін бейтаныс адам телефон соғып, одан қарыз ақшаны қайтаруды талап ете бастағанда бір-ақ білген. Сөйтсе, алаяқтар жалған бейнежазба арқылы банктің биометриялық тексеруінен өтіп, әйелдің атына төрт бірдей шот ашқан. Алты күннің ішінде сол шоттар арқылы 36 миллион теңге өткен. Әйел не болғанын банкке барғанда бір-ақ түсінген.

ЗУХРА ВАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Барып, видеоверификацияны өз көзіммен көрдім. Видеоверификацияда вообще өзіме ұқсамаймын. Робот сияқтымын. Басым қимылдайды. Шаш ұзын, әжімдер менікі емес. Кофта менікі емес. Менің түсінгенімше, жасанды интеллектпен жасалған.

Полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Себебі алматылықтың өзіне тікелей материалдық шығын келмеген. Ал ақшаны аударғандар енді сотқа жүгініп, Зухрадан миллиондарды қайтаруды талап етіп отыр. Бұл істі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексерген. Нәтижесінде, банк клиентпен іскерлік қатынас орнатқан кезде тексеруді тиісті жүргізбеген деген қорытынды шығарған. Соған қарамастан, Зухраның атына түскен талаптар сотқа жетіп отыр. Киберқауіпсіздік мамандары мұндай алаяқтықты банктердің қорғаныс жүйесі осал болса, жүзеге асыру қиын емес дейді. Бұл жағдайда банктің биометриялық тексеру қызметі әлсіз болып, алаяқтар одан оңай өтіп кеткен. Маманнан бұдан сақтанудың амалын сұрадық.

ДӘУРЕН СӘЛІПОВ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Біріншіден, «стоп кредит» қойып алыңыз. Ол – өте жақсы нәрсе. Кейбір кезде біздің атымызға кредит алады, біз білмей де қаламыз. Екіншіден, Қазақстанда «стоп счет» пайда болса, оны да қосу керек. Сіздерге ешқандай счет ашылмайды. Үшіншіден, сізге ақша аударымы болса, сол ақша аударымын звондап, кері аударыңызшы деп басқа реквизиттер береді, ешқашан аудармаңыз. Өйткені ол да – схема, сіз дроппер болып қаласыз.

Қылмыстық кодекске «Дропперлік» деген жеке бап енгізілгелі құқық қорғау органдары 1100-ден астам деректі тіркеген. Бұл елдегі экономикалық қылмыстардың 75 пайызынан астамын құрайды. Мұндай оқиғалар әсіресе Алматы мен Астанада жиі кездеседі. Заңгерлердің айтуынша, енді банк шотын немесе оған қол жеткізу мүмкіндігін басқа адамға беру де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жазасы – жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу.

АБЗАЛ ҚАСЫМЖАНОВ, ЗАҢГЕР:
— Бұл бапта адамды қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі де қарастырылған. Біріншіден, адам мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасаса, екіншіден, болған жағдай туралы құқық қорғау органдарына өз еркімен хабарласа, үшіншіден, қылмысты тергеуге және қылмыстық схемаларды ашуға белсенді түрде көмектессе жазадан босатылады.

Заңгерлер халыққа жеке цифрлық дерекке мұқият болуға кеңес береді. Күмәнді операцияларға шектеу қойып, күдік тудыратын жағдайға бірден назар аудару қажет. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын сақтамаған банктердің де жауапкершілігін қарастыру керек. Мамандардың айтуынша, кейбір қаржы ұйымдары қорғаныс жүйесін әлі де жетілдіруі тиіс.

Ал әзірше алаяқтардың құрбаны болған азаматтар өздерінің кінәсіз екенін сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: