Теміртауда Qarmet металлургия комбинаты ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп отыр. Кәсіпорынға 2,7 миллиард доллар инвестиция құйылып, жаңа өндіріс нысандары салынып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев комбинаттың жұмысымен танысып, жаңа жобалардың жүзеге асу барысын көрді. Соның бірі – жылына 1 жарым миллион тонна кокс өндіретін екі жаңа батарея. Оларды келесі жылы іске қосу жоспарланған.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жылына 540 мың тоннадан астам металл өнімін шығаратын жаңа прокат кешені пайдалануға берілуге тиіс. Ал биыл кәсіпорын 4 миллион тонна болат өндіруді көздеп отыр. Компанияның жоспары бойынша, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 миллион тоннаға жетуі керек. Мемлекет басшысы қаланың трамвай қатынасының қалпына келтірілуіне де назар аударды. Соңғы екі жылда жаңартылған трамвайлар миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
