Астанадағы балалар ауруханасындағы кезек жойыла ма? №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жанынан жаңа травматологиялық пункт салынды. Жыл сайын жүздеген мың кішкентай пациент жүгінетін бірегей травматологиялық пункт несімен ерекшеленеді?
Президент Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Осы бағытта еліміздің 20 өңірінде 70-ке жуық медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Соның бірі – №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жаңа травматологиялық пункті.

ДӘУЛЕТ ЖАҚЫПБАЕВ, ДСМ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында 70-ке жуық денсаулық сақтау инфрақұрылымдық объектілер салынады. Бұл объектілердің ішінде 8 перинаталдық орталық, 9 балалар ауруханалары және 3 ұлттық балалар орталығы болады. Жалпы, бұл объектілер қазақстанның 20 өңірінде іске асырылады. Көбіне Ұлытау, Абай және Жетісу секілді жаңадан құрылған облыстар, сонымен қатар инфрақұрылымы тозған облыстар да бұл жобаға кіреді.

Соңғы жылдары елордадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне жүгінетін бала саны артып келеді. 2025 жылы мұнда 112 775 өтініш түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға көп. Науқас ағынының артуына байланысты жаңа травматологиялық пункт салынды. Аумағы – 2,6 мың шаршы метр. Мұнда операциялық блок, жансақтау бөлімі, компьютерлік томография және рентген кабинеті қарастырылған.

Жаңа травматологиялық пункт бірер аптада беріледі. Науқасты қабылдау мен тексеру жеделдейді. Сондай-ақ балаларды басқа бөлімге тасымалдау азайып, шұғыл жағдайда уақыт үнемделеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: