Қонаевта жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген балалар емханасы кешенді жаңғыртудан өтеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған ауқымды жоба аясында ғимараттың шатыры, есік-терезесі мен едені толық ауыстырылып, инженерлік желілер жаңартылады. Әсіресе сарқынды суға толып қала беретін жертөлесі құрғатылып, жаңа кәріз жүйесі жүргізіледі. Қайта жөндеуден өткен соң медицина мекемесінде балалармен қатар ересектер де ем қабылдай бастайды. Онда бейінді мамандар кабинеті ашылып, жаңа аппараттар орнатылады. «Диагностикалық мүмкіндігі артып, зертханалық сараптамалар да осы жерде жасалатын болады», — дейді мамандар.
АЙМАН РАҚЫШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл ересектер мен балаларға арналған емхана болады. Мұнда бейінді мамандар қабылдау жүргізеді. Емханада флюрография аппараты орнатылады, яғни, тұрғындарға басқа ғимаратқа барудың қажеті болмайды. Біз осы жерде анализдердің толық спектрін тапсыруға барынша жағдай жасаймыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
