Инклюзивті білім берудегі тың жоба. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған интерактивті тренажер ойлап тапты. Цифрлық құрылғыда балғындар математика пәнін ойын арқылы меңгере алады.
Берік Аманжол бұрын зауытта инженер болған. Қазір ауыл мектебінде мұғалім. Айтуынша кез келген бала сапалы білім алуға тиіс. Сондықтан ерекше жандарға арналған интерактивті тренажер ойлап тапты.
Цифрлық құралда тапсырмалар бірнеше деңгейге бөлінген. Яғни бала мүмкіндігіне қарай есеп шығарады. Ал виртуалды робот оның шартын дауыстап оқып, қандай математикалық амал орындау керегін түсіндіреді. Жауап дұрыс болса, мақтап жігерлендіреді. Осылайша, ақылды тренажер оқушының өзіне деген сенімін қалыптастырады.
БЕРІК АМАНЖОЛ, ЖОБА АВТОРЫ:
— Оқыту қарапайым мысалдан басталып, арифметикалық таңбалар, бөлу мен көбейту амалдарына ұласады. Қосу және азайтуға арналған ойындар қарастырылған. Біз барлық баланың қажеттілігін ескеруге тырыстық. Мұндағы әрбір әрекет тактильді сезінуге негізделген. Өйткені ерекше балалардың да, дені сау оқушылардың да саусақ ұшында сезімтал рецепторлар бар. Яғни біз сол арқылы мидың дамуына ықпал етеміз.
Ақылды жүйе ұстаздардың да жұмысын жеңілдетті. Әрі цифрлық құрал ерекше балалардың қабілетін аша бастады. Қазір ауыл мектебінде 20-дан астам оқушы осы жобаның тиімділігін көруде.
ВЕРОНИКА КИВО, ТҮЗЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Құрылғы психикалық дамуы тежелген және ақыл-ой дамуында бұзылыстары бар жандарға арналған. Оны әзірлеу барысында мен авторға кеңес беріп, біздің санаттағы балалармен қалай жұмыс істеу керектігін, қандай әдіс-тәсілдерді қолданған дұрыс екенін айтып отырдым. Өйткені мұндай жандарға арнайы әдістемелер қажет. Геометриялық фигуралар көлемді болғаны абзал. Бала оны тек көріп қоймай, қолымен ұстап, сипап сезінуі тиіс. Себебі кей оқушылар үшін ақпаратты көзбен қабылдау жеткіліксіз.
Жалпы елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, олардың қатары уақыт өткен сайын артуда.
АСЛАН ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекет басшысы жолдауда инклюзивті білім беруге ерекше назар аударды. Біз де осы бағыттағы бастамаларды қолдауға дайынбыз. Яғни тренажер бір данамен шектелмей, кемінде 10 шақтысы жасалса дейміз. Қазір авторға патент алу үшін демеуші іздестіріп жатырмыз. Артынша оны еліміздегі барлық мектепке ұсыну жоспарымызда бар.
Беріктің бұл алғашқы инновациялық жобасы емес. Өнертапқыш осыған дейін заманауи цифрлық технологиямен интеграцияланған домбыра жасап шығарған болатын.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
