Қазақстанда 2 миллионнан астам адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Бұл мақсатқа шамамен 245 миллиард теңге қарастырылған. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі келесі жылға қажет препараттарды сатып алу науқаны мерзімінен үш ай бұрын басталғанын айтты. Қазірдің өзінде дәрілердің 84 пайызы сатып алынған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
– Дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алу үшін министрлік дайындықты ерте бастағанға ұқсайды. «2027 жылға қажет препараттарды сатып алу науқаны өткен жылға қарағанда үш ай бұрын қолға алынды», — деді министр Ақмарал Әлназарова. Қыркүйек айында жоспарланған дәрілердің 84 пайызы сатып алынған. Ал жыл соңына дейін қор толық жасақталуға тиіс.
Жалпы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен 76 ауру түрі бойынша қамтылады. Оған 2,1 миллион пациент кіреді. Бұл мақсатқа 245 миллиард теңге қарастырылған.
«Дәрі тапшылығына жол бермеу үшін төмендетілмейтін қор көлемі 35 пайызға арттырылды», — деді Ақмарал Әлназарова. Министр Үкімет отырысынан кейін брифингке шығып, журналистердің сұрағына жауап берді. Жаңа жылдан бастап қанша учаскелік дәрігердің жалақысы өсетінін айтты.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
– 27 мың қызметкердің жалақысы меншік иесіне қарамастан өседі. Бұл – 137 млрд тг талап ететін норма.
Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы балалар ауруханасында хирургке қол көтеру оқиғасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, балада аппендецит анықталып, ота жасалған. Ем алып жатқанда ата-анасы екі рет қолхат жазып баланы алып кеткен. Ауруханаға үшінші рет әкелгенде жанжал шыққан. Министр егер дәрігердің науқасқа немқұрайлы қарағаны дәлелденсе, шара қолданылатынын айтты. Бірақ бұл іске құзырлы органдар баға береді. «Екі жақтың да жауапкершілігі қаралады», — деді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
