Елімізде 1 шілдеде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжатта мүгедектігі бар азаматтар үшін ғимараттардың қолжетімділік талаптары күшейтілген. Қолжетімді нысандардың цифрлық картасы жасалғанымен, нақты жағдай әлі де көңіл көншітпейді. Бірі үйінен шыға алмай қиналса, енді басқалары пандустардың дұрыс орнатылмауына шағымданады.
Гүлмира Ілияcова – мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. 5 жасар Мирасты күнделікті оңалту шаралары мен балабақшаға апарады. Мына жалдап тұрып жатқан ескі үйде жедел саты жоқ. Сондықтан күн сайын осылай баласын қолына көтеріп, баспалдақпен төмен түсіруге мәжбүр. Арбамен дәлізден шығудың өзі мұң, себебі пандус та қарастырылмаған.
ГҮЛМИРА ІЛИЯСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күнде 5-6 рет еміне барамыз. ЛФК, балабақша, бассейінге барамыз. Күнде қиналып кіріп, қиналып шығамыз.
Параспортшы Дінмұхамед Әлиақпаровтың мәселесі де алдыңға кейіпкеріміздің жағдайына ұқсас. Биыл ғана жаңа баспанаға қоныстанған, бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені тұрғын үйдегі жеделсаты жиі істен шығады.
ДІНМҰХАМЕТ ӘЛИАҚПАРОВ – ПАРАСПОРТШЫ:
— Маған арбамен 4-қабаттан түсу керек. Өзім баспалдақпен артпен түсе аламын. Бірақ ол қауіпті. Түсуін түсемін, бірақ көтерілу үшін біреудің көмегіне мұқтаж боламын. Жүріп-тұруым қиындық тудырды. Өзімді, шынымен, мүмкіндігі шектеулі адам ретінде сезініп тұрмын.
Депутат Динара Наумованың сөзінше, «кедергісіз орта» дегеніміз тек үйге кіріп-шығумен шектелмеуге тиіс. Мектеп, аурухана, мемлекеттік мекеме, қоғамдық орындардың бәрі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді болуы керек. Бұрыннан салынған нысандарды бейімдеу мәселесі де әлі толық шешілмеген. Сондықтан, өңірлерді аралап, жергілікті атқарушы органдармен осы жағдайды пысықтап жүр.
ДИНАРА НАУМОВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Түйткіл көп. Оларды жүйелі түрде шешу керек. «Бұрын салынған ескі ғимараттарды қалай бейімдейміз?» — деп Өнеркәсіп министрлігіне нақты сұрақ қойдым. Өйткені ең өзекті мәселе – осы. Біз қажет түзетулерді кодекске енгіздік.
Айталық, биыл 1 шілдеден бастап құрылыс саласында жаңа талаптар күшіне енді. Енді жаңадан салынған ғимараттар кедергісіз орта стандарттарына сай болуы міндетті. Ғимараттардың қолжетімділігін тексеру және техникалық тұрғыда келісу құзыреті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттеріне берілді. Алғашқы нәтиже көңіл көншітпейді. Нысандарды пайдалануға беру бойынша түскен 570-тен астам өтініштің тек 147-сіне келісім берілген.
Жаңа ғимараттарға талап күшейгенімен, бұрын салынған ескі нысандарды бейімдеудің әзірге нақты жоспары жоқ. Мәселе осында болып отыр. Дегенмен мамандар көп ұзамай оның да жолын табатынына сенімді. Жалпы, елімізде 756 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар. Оның 33 мыңнан астамы арбаға таңылған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
