Дәрі-дәрмек тапшы болмауы керек. Әсіресе тегін берілетін препараттарды науқастар айлап күтіп, дәріханадан өз ақшасына іздеуге мәжбүр болмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі келесі жылға қажет дәрілерді сатып алуды биылдан бастап кеткен. Қазір жоспарланған препараттың 84 пайызы сатып алынды. Үкімет басшысы қалғанын жыл соңына дейін толық жеткізіп, қаңтардан бастап ауруханалар мен емханаларда дәрі қоры жеткілікті болуын талап етті.
Келесі жылы 76 түрлі ауру бойынша 2 миллион 100 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 245 миллиард теңге бөлінген. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тапшылыққа жол бермеу үшін сатып алу жұмыстары қыркүйектен басталғанын айтады.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Пациенттерді қажет дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында 2027 жылға арналған сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда 3 ай бұрын, ерте басталды. Қыркүйек айында 2027 жылға қажет препараттар көлемінің 84%-ы сатып алынды.
Дәріні сатып алу бір бөлек, оны науқасқа уақытында жеткізу бір бөлек. Үкімет басшысы осыған ерекше назар аударды. Олжас Бектеновтің сөзінше, әр пациент өзіне қандай дәрі тегін берілетінін, оны қайдан және қашан алатынын нақты білуі керек. Ал ауруханалар мен емханаларда қаңтардан бастап қажет препараттың бәрі болуы шарт. Сондықтан сатып алу рәсімдерін жыл соңына дейін толық аяқтау міндеттелді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша барлық рәсімдерді осы жылдың соңына дейін жедел жүргізу қажет. Қаңтар айында ауруханаларда, емханалар мен дәріханаларда барлық қажетті заттар болуға тиіс. Өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды ерекше бақылауда ұстаңыздар.
Бір емханада дәрі артылып, екіншісінде жетпей жатса, препараттарды жедел қайта бөлу қажет. Премьер-министр мұны да қатаң тапсырды. Өйткені қоймада дәрі бола тұра, науқастың оны ала алмай, өз қалтасынан ақша шығаруы – жол беруге болмайтын жағдай. Енді дәрінің қозғалысы цифрлық таңбалау арқылы бақыланады. Бұл жүйе қай жерде қанша препарат қалғанын көрсетіп, тапшылықты алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
