$1,3 миллиард доллар инвестиция және әлемге әйгілі университет кампусы. Елімізде бой көтеріп жатқан Alatau City жобасы шетелдік инвесторлардың назарын қалай аударды?
Инфрақұрылымдық жобаларға капитал тарту. Инвесторлардың құқығын қорғау. Бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселесі. Лондонда Alatau City жобасы халықаралық инвесторларға таныстырылды. Сонымен қатар қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған құқықтық тетік қарастырылды.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Білім беру және ғылыми кластер құру мәселесін талқыладық. Exeter университетімен келісімге қол қойдық. Енді Alatau City-де осы университеттің толыққанды үлкен кампусын ашу бағытында бірлесіп жұмыс істейміз. Сондай-ақ Ұлыбританияның жетекші оқу орны – Brighton College және Magdalen College мектебімен де ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз.
Басқосуға 70-тен астам компания, инвестициялық қор мен банк өкілдері қатысты. Оларға Alatau City-ді дамыту тұжырымдамасы, перспективалы инфрақұрылымдық жобалар және шетелдік капитал тарту мүмкіндіктері таныстырылды. Лондон қор биржасы, Brookfield Asset Management, J.P. Morgan және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен энергетика, көлік және қалалық инфрақұрылымды қаржыландыру талқыланды.
ДЭН РИНГЕЛЬШТЕЙН, ARUP КОМПАНИЯСЫ ҚЖКД ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:
— Alatau City – маңызды жоба. Мақсаты – цифрлық технологияны енгізумен қатар, заманауи әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру. Қала Алматының жасыл желегін, жаяу жүргіншілерге қолайлы инфрақұрылымын және жайлы ортасын үлгі етуі тиіс. Жаңа қала салудағы басты міндет – оның өзіндік экономикасын қалыптастыру. Алматыға жақын орналасқандықтан, екі қаланың дамуына кедергі келтірмей, жаңа инвестиция тарту, жұмыс орнын ашу және білікті маманға жағдай жасау маңызды.
Екі күндік келіссөздің нәтижесінде халықаралық серіктестермен жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 миллиард долларды құрайтын 9 келісімге қол қойылды. Құжаттар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудан бастап, білім беру мен медицина саласындағы ынтымақтастыққа дейінгі бағытты қамтиды. Қазір Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,9 миллиард доллар болатын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек қалада инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған 28 жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы құны – 35,3 миллиард теңге. Инвестициялық роуд-шоудың келесі кезеңі Германияда жалғасады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
