Қарағандыда танымал суретші Кәріпбек Күйіковтің екі бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Оның бірі қазақ тілінде «Қайсар рух» деп аталса, екіншісі орыс тілінде «Жизнь без рук» деген атаумен жарық көрді.
Кәріпбек – «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі. Ол 10 жасынан бастап қылқаламды тісіне қыстырып немесе аяғына қысып, сурет салып келеді. Кітап жазу идеясын 35 жыл бойы көкейінде сақтаған. Суретші өзінің өмір тарихы жайлы кітабы оқырмандарға ешқашан мойымауға жігер береді деп үміттенеді.
Кәріпбек Күйіков үшін кітап жазып, оны оқырманға таныстыру – көптен бергі арманы. Екі туындыда да ол балалық шағын, жанынан табылған жандарды, өмірдегі қателігін, көңіл қалдырған сәтін және жетістігін еске алады. «Бұл – ядролық сынақтардың зардабы туралы ғана емес, адам рухының күші жайлы сыр шертетін шығарма», — дейді автор.

КӘРІПБЕК КҮЙІКОВ, СУРЕТШІ:
— Мен бала кезімнен алдыма қандай да бір мақсат қойсам, соған жетуге тырысатынмын. Өте табанды, тіпті тынымсыз бала болдым десем де болады. Жүзуді үйрендім, велосипед, шаңғы, коньки тебуді меңгердім. Құлап, басымды талай жардым.

Кәріпбек Күйіковтың есімі Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Ол – антиядролық қозғалыстың құрметті ізгілік елшісі. Қос қолы болмаса да, суретшілік өнерді меңгеріп, туындылары әлемнің көптеген елінде көрмеге қойылды. Сонымен қатар ол қайырымдылық шараларына да белсене атсалысады.

АЛМА ЕРКІН, КӘРІПБЕК КҮЙІКОВТЫҢ КӨРШІСІ:
— Ол өмір сынағын күш-қуатқа, жан жарасын өнерге айналдыра білді. Өз өмірімен көпшілікке үлгі болып отыр. Бұл кітап жай ғана өмірбаян емес. Денсаулығы одан әлдеқайда жақсы адамдарға да жігер беріп, алға ұмтылуға шабыт сыйлайды. Суретші шығармашылықпен айналысуға да, қоғамға пайда келтіруге де ешқандай кедергі жоқ екенін дәлелдеді.

Суретшінің жалпы таралымы 600 дана болатын кітаптары «Оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында таныстырылды. Жобаның мақсаты – Қазақстан тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың өмір жолы арқылы жас ұрпақты өнегелі адаммен таныстыру.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: