Шымкентте қала ортасында көлікке шабуыл жасап, бір адамды өлтірген алтауға сот үкімі шықты. Барлығы сот залынан бірден қамауға алынды. Қаңтар айында болған қанды оқиғаның соңы осылай аяқталды.
Тергеу дерегінше, күдіктілер жәбірленушілерді қуып жетіп, қашып құтылуына мүмкіндік бермеу үшін бағдаршам алдында тұрған көлікті артынан соғып, жол апатын ұйымдастырған. Содан кейін Василий Колесников отырған көлікке шабуыл жасаған. Топ мүшелері қаза тапқан азаматтың денесін қалаға жақын ауылдағы аурухананың автотұрағына тастап кеткен. Сот алты адамды адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық және алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Оларға 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, шабуыл кезінде ауыр жарақат алған жәбірленушіге 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, бұл іске қатысы бар тағы бір күдікті әлі іздестіріліп жатыр.
ӘБИНҰР ҚАРАБАЕВ, СУДЬЯ:
— Арысбаевқа қылмыстардың жиынтығымен түпкілікті 23 жыл, Іңкәрбеков пен Қызбалаевқа түпкілікті 22 жылдан, Ерімбетовке 21 жыл, Жұманазарға 20 жыл, Қуандықовқа 20 жыл 6 ай мерзімег бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл қылмыс күндіз қаланың ортасында, адамдардың көзінше қоғамдық тәртіпті құрметтемеу анық көрінетін азаматтарға күш қолданумен барынша арсыздықпен жасалып, жәбірленуші Колесниковты ұрлап, аса қатігездікпен қазаға ұшыратқан. Сот ҚК 55-бабы 4 және 6-бөлігінде сотталғандарға қатысты жазаның неғұрлым жұмсақ түрін тағайындауға негіз жоқ деп тапты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
