Ақмола облысында ауыр жол апатынан полиция қызметкері қаза тапты. Қайғылы оқиға Астана – Петропавл тасжолында, Шортанды кентінің маңында болған. 34 жастағы полиция капитаны Данияр Таев жол таңбасын сызып жатқан жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызметтік көлікте отырған. Сол сәтте патрульдік автокөлікке жоғары жылдамдықпен келе жатқан JAC маркалы жол талғамайтын көлік соғылған. Қатты соққыдан полицей ауыр жарақат алып, комаға түсті. Алдымен, ол Шортанды аудандық ауруханасына жеткізіліп, кейін санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді. Кеше кешке дәрігерлер шұғыл операция жасағанымен, аман қалмады. Полицей ауруханада көз жұмды.
Данияр Таев ішкі істер органдарында 13 жыл қызмет еткен. Үш баласы бар. Олардың кенжесі жақында ғана дүниеге келген. Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен әріптестері қаза тапқан офицердің отбасына көңіл айтты. Ал жол апатына қатысы бар JAC көлігінің жүргізушісі ұсталды.
ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ПД ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан полиция қызметкері ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. JAC автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: