Қарағандыда тұрғындар үйдің іргесіндегі жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, нысанның қазығы қағылғалы бұлардың 50 жыл бұрын салынған тоғыз қабатты үйінің қабырғасына сызат түскен. Тұрғындар осыдан үш жыл бұрын да бұл жерге құрылыс салуға әрекет жасалғанын айтады. Бірақ ол кезде жұмыс тоқтап қалған.
Көпқабатты үй мен құрылыс алаңының арасы – бар болғаны 20 метр. Ауыр техниканың тарсылы күн сайын таңнан кешке дейін басылмайды. Тұрғындардың айтуынша, қазық қағылған сайын пәтерлердің іші дірілдеп, қабырғасы қозғалады. Жұрт тыныштықтан күдер үзген.
ОЛЬГА МАЛЬЦЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күн сайын таңғы тоғыздан кешке дейін қазық қағады. Басыңнан балғамен ұрып жатқандай боласың. Пәтердің іші түгел қозғалады. Үйде кішкентай балалар бар, үлкендер де тынығып жата алмайды. Мұнда тұру мүмкін емес. Біз жергілікті мемлекеттік органдардың бәріне жаздық. Бірақ құрғақ жауап алдық.
Жұрт құрылыс жүріп жатқан жердің жайына алаңдайды. Бұл аумақта бұрын саз карьері болған дейді. Кейін шұңқырды қалдықтар мен топыраққа толтырған. Ал ескі бас жоспар бойынша мұнда гүлзар салынуы керек еді. Соған қарамастан, жерді құрылысқа беру әрекеті бірнеше рет жасалған. Бірақ әр жолы тексеріс кезінде заңсыздықтар анықталып, жұмыс тоқтатылған көрінеді.
ЕРЖІГІТ ОСПАНХАНОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
— Қорқынышта, үрейде отырасың. Неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Бұның алдын алуға болатын шығар. Түнімен ұйықтамай ойланып шығамыз.
Құрылыс компаниясының өкілі камера алдында түсініктеме беруден бас тартты. Телефон арқылы барлық рұқсат құжаттары бар екенін айтты. Дегенмен тұрғындардың шағымынан кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеріс бастады.
ГҮЛБАХРАМ МҰҚАШЕВА, СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
— Жоспардан тыс тексеру жүргізуге қажет құжаттар Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментіне тіркеуге жіберілді. Тексеру жүргізіледі. Егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Атап айтқанда, құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату, айыппұл салу немесе жобаның жүзеге асуына жол бермеу, яғни құрылысты тоқтату шаралары қолданылуы мүмкін.
Құрылыс алаңындағы жұмыс уақытша тоқтап тұр. Бірақ бұған тұрғындардың көңілі жайланған жоқ. Олар үйіміздің іргесі сөгіліп, қауіп төнбей тұрғанда құрылысты біржола тоқтату керек дейді. Енді мәселені сот арқылы шешуге бекініп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
