Солтүстік Қазақстан облысында қандастармен оңтүстік өңірлерден келген отбасылар үшін мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер бұзыла бастады. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында осындай 14 баспана апатты деп танылды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сөзінше, бұл үйлер осыдан 6-7 жыл бұрын тұрғызылып, пайдалануға берілді. Алайда уақыт өте келе кей отбасылар оны тастап кеткендігі анықталды. Салдарынан жылыту жүйесі істен шығып, іштегі заттар қолды болған. Сондықтан әкімдіктегілер олардың техникалық жағдайын тексеріп, арнайы сараптама жүргізгендерін айтады. Комиссия өкілдері 14 нысан тұруға жарамсыз деген шешім шығарған. Бүгінде бесеуі сүрілді.
Айта кету керек, әр баспана үшін 7 миллион теңге жұмсалған. Қазір «Еңбек» бағдарламасының шартын орындамағандардың ісі сотқа жетті. Жалпы, соңғы үш жылда аймаққа 9 мыңнан астам адам қоныстанған. Алайда оның 2 жарым мыңға жуығы қайта кетіп қалды.
ЖАРҚЫН МҰХАМЕДЖАНОВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Осы мәселеге қатысты 40-қа жуық талап-арыз сотта қаралып жатыр. Себебі 186 адам баспанасын тастап, қайта көшіп кеткен. Оларға берілген көтермеақы мен тұрғын үйді жалдау шығындарын қайтару бойынша жалпы талап сомасы 41 миллион 300 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда оның 21 миллионы мемлекетке қайтарылған. Қалғанын өндіріп алу бойынша жұмысы жалғасып жатыр
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: