Мал дәрігерінің мәртебесі өседі. Құрылтай ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат ветеринария саласын кешенді түрде жаңартуға бағытталған. Яғни аталған сала мамандарына қосымша ақы, жәрдемақы және ғылыми дәрежесі үшін үстемеақы төленеді. Бұл жаңашылдық не үшін жасалып жатыр?
Ветеринария саласы мамандары үшін жағымды жаңалық. Құрылтайда мақұлданған заң жобасында мал дәрігерлеріне бірқатар әлеуметтік қолдау көрсету көзделген. Атап айтқанда, жыл сайын ақылы еңбек демалысын беру және емдеу-сауықтыруға арналған жәрдемақы кемінде екі лауазымдық жалақыға тең ету. Әлеуметтік кепілдік қатарында негізгі жұмыс орны бойынша ветеринария саласындағы ғылыми дәрежесі үшін ай сайын қосымша ақы төлеу. Атап айтқанда, ғылым кандидатына – 17, ғылым докторларына – 34 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болмақ. Алмақтың салмағы да бар. Оларға жасалған бұл қолдау жауапкершілік те жүктейді.
БОТА ЕЛЕУСІЗОВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Өндірушілерге біршама жеңілдіктер жасаса да, біршама міндет жүктейді. Мәселен, мал өсірушілерді есепке алу, ауру шыққан жағдайда дереу хабарлау және қандай препараттар еккені жөнінде хабарлау, ірі шаруашылықтардың өз қаражатына бірдейлендіру есебін жүргізу, мал өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың өз қаражатынан ветеринар мамандарды штатқа алу.
Енді ветеринар мамандарға тиісті еңбек жағдайын жасау мақсатында арнайы киім, жабдықтармен және қажет құралдармен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Сондай-ақ тұтынуға шығарылатын ет-сүт өнімдерінің сапасына да талап күшейетін сияқты.
ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Жануарлар өнімдерін сауда-саттыққа шығарған кезде мемлекеттік ұйым тарапынан тексеру, бақылау жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Бүгінгі таңда бақылау жұмыстары тек сауда базарларында қамтамасыз етіліп отырса, біз осы заңнама аясында сауда дүкендерін де ұлғайтуды қарастырып отырмыз. Әрине, ол жерде кәсіпкерлердің құқықтары да қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, мамандарды кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ кәсіби қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу мәселелері де заңмен бекітіледі.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Сонымен қатар аталған салада ветеринариялық палата түріндегі қоғамдық ұйым құрылады. Ол ветеринар дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайды. Олардың есебін жүргізеді және біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
