Цифрлық платформа істен шықса, мыңдаған азаматтың табысын кім қорғайды? Жерасты суының небәрі 3,5 пайызы пайдаланылған. Еліміздегі мыңдаған иесіз ұңғыма су тапшылығын қалай шешеді? Құрылтайда батыл ұсыныс жасалды.
Қазақстан жерасты суларының небәрі 3,5 пайызын пайдаланып отыр. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бота Елеусізова Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады.

БОТА ЕЛЕУСІЗОВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл – бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы. Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Сонымен қатар 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар.
Тағы бір өзекті мәселе. Цифрлық платформалар істен шықса, мыңдаған азаматтың табысын кім қорғайды? Осылай деген Гүлзира Атабаева депутаттық сауалын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа бағыттады.

ГҮЛЗИРА АТАБАЕВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Ол үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 1 млн жуық орындаушы бар.
Ал Құрылтай депутаты Айдос Сарым Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша үндеу жасады. Ол құжатта қамтылған маңызды бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын атап өтті.

АЙДОС САРЫМ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр.
Сөзін қорытындылай келе, Айдос Сарым Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайтынын, оны заңнамалық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Ол осындай тарихи сәтте әр азаматты, тұтас қоғамды мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосуға шақырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: