2033 жылға қарай Қазақстандағы жолбарыстардың саны 10-ға жетуі мүмкін. Экология министрлігі осындай болжам жасап отыр. Ал жойылып кеткен жыртқышты тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы 35 жылға жоспарланған. «Іле-Балқаш» резерватына Амур есімді тағы бір жолбарыс жіберілді. Ал жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?
Бұл – Амур есімді жолбарыс. Ол жақында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілді. Амур алдымен арнайы қоршауда аң аулауды үйренген. Мамандар осылайша оның қорек табу қабілетін тексерді. Жолбарыстың мойнына спутниктік қарғыбау тағылған. Оның көмегімен жүрген жерін тәулік бойы бақылауға болады. Бұл деректер Амурдың жаңа ортаға қаншалықты бейімделгенін көрсетеді. Экология министрлігінің мәліметінше, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алатын арнайы топ құрылған.
ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
— Жасыл зонада жүр олар. Егер сары зонаға кірсе, сонда тиісті сигнал антиконфликтік тобына барады. Қарауыл ауылына барады. Сол топ тиісті техникалық құралдарды пайдаланып, жолбарысты өзіне қайтаруға дайын.
Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасына Freedom Holding Corp. пен Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры да қолдау білдірген. Компания мамандар даярлауға, арнайы қоршауды жабдықтауға және жануарларды тасымалдауға көмектескен.
ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Елдің табиғи байлығын сақтау және молайту – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің маңызды бағыты. Сондықтан Тұран жолбарысын елге қайтару жобасына қатысу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Freedom бүгінде әлемнің 24 елінде жұмыс істейді. Бірақ Қазақстан – біздің үйіміз. Сондықтан елдің дамуына, соның ішінде экология саласына қолдау көрсетуді жалғастырамыз.
Еске салайық, осыдан 3 ай бұрын «Іле-Балқаш» резерватына Үміт есімді алғашқы ұрғашы жолбарыс жіберілген болатын. Енді оған Амур қосылды. Ал жыртқыштардың өзін браконьерлерден қорғау үшін жерүсті және әуе патрулі ұйымдастырылады. Мамандардың есебінше, Қазақстанда жолбарыстың популяциясын қалыптастыру үшін олардың саны кемінде 50-ге жетуі керек. Ал Тұран жолбарысын қайта түлетуге бағытталған бағдарлама 35 жылға жоспарланған. Яғни бұл – ұзақ мерзімді жобаның алғашқы қадамы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
