Алатау қаласын дамытуға неміс кәсіпкерлері қызығушылық білідіріп отыр. Болашақтың қаласында медициналық кластер құрудан бастап, көлік инфрақұрылымы мен жаңа өндіріс орындарын ашуға дайын.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Германияның мемлекеттік органдары және ірі компания өкілдерімен кездесті. Келіссөздердің нәтижесінде 325 миллион доллар болатын 11 келісімге қол қойылды.
Германиядағы алпауыт компаниялар Алатау қаласын дамытуға қомақты қаржы құюға ынталы. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Берлинде неміс кәсіпкерлерімен маңызды келіссөз жүргізді. Өнеркәсіп, энергия үнемдеу, заманауи құрылыс технологияларын енгізу, су шаруашылығы мен медицина саласындағы бірлескен жобалар талқыланды.
ЙЕНС БЁЛЬМАНН, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ШЫҒЫС КОМИТЕТІ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Қазір Германия экономикасы жаңа нарықты іздеп отыр. Себебі әлемдегі жағдай өзгерді. Алатау сияқты ірі жобалар бізге өте қызық. Өйткені мұнда Германия мықты саналатын салаларға сұраныс жоғары. Мысалы, медицина кластерін құруға қажет құрал-жабдық, дәрі-дәрмек пен технологияны ұсына аламыз. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен инженерлік-кәріз жүйелерін дамытуға әлеуеті зор компания көп.
Келіссөздің негізгі тақырыбы – Қазақстан мен Германия арасында инвестициялық-қаржылық платформа құру. Жаңа тетік екі елдің қаржы институтын біріктірмек. Алғашқы кезеңде Алатау қаласындағы инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске қосу ұсынылды. Берлиндегі инвестициялық басқосуда Қанат Бозымбаев неміс кәсіпкерлеріне Алатау қаласының мүмкіндіктерін таныстырды. Шетелдік инвесторлар салық талаптары тұрақты сақталып, инвестициялық жеңілдіктер мен бизнесті қорғау кепілдігі беріледі. Құжат рәсімдеу «бір терезе» қағидатымен жүргізілмек.
КРИСТИНА ХАВЕРКАМП, НЕМІС ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ БАСҚАРМА ДИРЕКТОРЫ:
— Алатау қаласы неміс инвесторлары үшін өте тартымды жоба болатынына сенімдімін. Президент Тоқаев бұл қаланы экологиялық таза әрі тұрақты мегаполис ретінде дамытуды көздеп отыр. Ол үшін ғимараттардың энергия тиімділігі жоғары болуы керек. Ал бұл – Германия компанияларының мықты саласы. Олар жылу оқшаулаудан бастап, заманауи инженерлік жүйелерге дейін озық технологияларын ұсына алады. Сондықтан екі ел арасында бұл бағытта ынтымақтастыққа мол мүмкіндік бар.
Келіссөздердің нәтижесі мынадай. Жалпы құны 325 миллион долларға бағаланды. 11 келісімге қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологияны дамытады. Сондай-ақ Германияның компаниясымен көпсалалы медициналық орталық құру мүмкіндігі қарастырылды. Ал Алатау қаласы шетелдік инвесторларды тартатын жаңа орталыққа айналды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
