Маңғыстаудағы стратегиялық жол жаңарып жатыр. Түрікменстан шекарасына қатынау уақыты 3 есе қысқарады. Бұл халықаралық транзиттік қатынас пен Кендірлі курортының туристік әлеуетін арттыруға үлкен жол ашады.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолының 179-229 шақырымы қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл картада «Жетібай – Жаңаөзен – Түрікменстан Республикасының шекарасы» деп көрсетілген. Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталған. Бүгінде жұмысқа 132 арнайы техника мен екі ауысымда еңбек ететін 200-ге жуық маман жұмылдырылды. Құрылыс бригадасының барлығы – жергілікті тұрғын. Қазір 50 шақырымдық учаскедегі негізгі жұмыс аяқталды. Қиыршықтас-құм қоспасы төселіп, биоматериал қолданылады. Құрылысшылар отандық өндіріс материалын пайдаланып жатыр.
НАУРЫЗБЕК НҰРМАҒАНБЕТОВ,«AQZHOL.QURYLYS» ЖШС ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
– Қолданылып жатқан қиыршықтас та, битум да – түгелдей Қазақстанда өндірілген өнімдер. Бүгінгі таңда 47 шақырым жолға ірі түйіршікті асфальт төселді. Қалған үш шақырымды қараша айының соңына дейін толық аяқтауды көздеп отырмыз. Келесі кезеңде қалыңдығы 5 сантиметр болатын ұсақ түйіршікті асфальтбетон қабаты төселеді.
Жолдың жаңаруы Маңғыстаудың ғана емес, халықаралық транзиттік қатынастың да дамуына ықпал етпек. Әсіресе Түрікменстан арқылы Иранға шығатын жүк тасымалы үшін бұл бағыттың маңызы зор. Сонымен қатар жаңа көлік дәлізі Кендірлі курорттық аймағының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін аталған бағытпен жүретін транзиттік жүк көліктері жолға 6-8 сағат уақыт жұмсайтын. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 2-2,5 сағатқа дейін қысқарады. Жол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы демалыс орны мен қызмет көрсететін нысан да салынады.
ҚАРАСАЙ АБЫХАНОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың шілде айынан бастап құрылыс қарқынын күшейттік. Жоба аясында бейтарап аймақта арнайы аялдама қарастырылған. Сонымен бірге жолды жарықтандыру, сервистік эстакадалар орнату және санитарлық тораптар салу жоспарланған. Мал жиі өтетін тұстарда арнайы қоршаулар мен мал өткелдері жабдықталады.
Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жолдың жаңаруы – маңызды қадамның бірі. «Жоба жүзеге асқан соң халықаралық транзиттік тасымалдың тиімділігі артып, жүк көліктерінің еліміздің теңіз порттарына қауіпсіз әрі кедергісіз қатынауына жол ашылады», — дейді мамандар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
