Екі мың жылдан асатын бұл қорғаннан археологтар жеті адамның сүйегін тапты. Жерлеу салтына қарағанда мұнда ауқатты отбасы қойылған. Қазба жұмыстары Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілді. Қорғанның диаметрі шамамен 26, биіктігі екі жарым метр. Алдын ала болжам бойынша, жерлеу орны сақ дәуіріне жатады. Алайда қорған тоналған. Бұйымның басым бөлігі жан-жаққа шашылып қалған. Сондықтан археологтар сегіз грамм алтыннан құйылған мүсінді үлкен олжа санап отыр.

ЛӘЗЗАТ САҒЫНДЫҚОВА, АЛМАТЫ МУЗЕЙ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
– Сақ қорғанын зерттеу барысында Қазақстан археологиясы үшін сирек кездесетін жәдігер анықталып отыр. Ол – аю бейнесіндегі алтыннан құйып жасалған әшекей. Алдын ала болжам бойынша бұл – бас киімнің бір бөлігі.

Алайда археологтарды таңғалдырғаны алтын әшекей ғана емес. Қорған ішінде жерленген төрт ересек адам мен үш баланың сүйегі. Мамандар Қазақстан аумағында дәл отбасылық жерлеуді алғаш кездестіріп отырғанын айтады. Әдетте көлемі осыған шамалас қорғаннан бір немесе екі адамның ғана сүйегі табылатын.

МАРАТ НҰРПЕЙІСОВ, АЛМАТЫ МУЗЕЙ БІРЛЕСТІГІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
– Бұл сол кездегі ақсүйектер болуы мүмкін. Көсемнің әулетіне немесе ірі әскери қолбасшының отбасына тиесілі адам болуы ықтимал. Бірақ сол кезде нақты не болғаны – жұмбақ. Осындай жаппай жерлеу болғанын елестетіп көріңізші! Тіпті мұнда жетеу емес, сегіз адам жерленген болуы да мүмкін. Өйткені біз адам санын бас сүйек сынықтары бойынша ғана есептедік.

Тұтас бір отбасының бір қорымға жерленуіне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Болжамдардың бірі – індет болса, енді бірі – зорлық-зомбылық. Болжамды растайтын антрополог шақырылып, қосымша зерттеу жүргізбек. Содан кейін ғана жәдігерлер Алматы музейіне қойылуы мүмкін. Ал салмағы небәрі сегіз грамм алтын аю мүсіншесі Жетісудың көне тарихын тануға жол ашатын тағы бір маңызды бұйымға айналмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: